06:00 Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Voice of Nur-Sultan»: Шетелдік және отандық әншілер елордада бақ сынайды

  • Категория: Сюжеттер
Voice of Nur-Sultan Voice of Nur-Sultan

«Voice of Nur-Sultan» халықаралық байқауының басталуына небәрі 2 күн қалды.

Ауқымды ән додасын Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр. Өнер сайысы елордадағы «Қазақстан» ОКЗ-да өтеді. Шараға «Хабар» Агенттігі бас ақпараттық серіктес ретінде сүбелі үлесін қоспақ. Бұл жолғы музыкалық сайыста қандай өзгерістер болмақ?

«Voice of Nur-Sultan» халықаралық байқауы бас қалада биыл екінші мәрте өтпек. Дайындық та қызу жүріп жатыр. Отандық өнерпаздар мен шетелдік әншілер бір сахнада тәжірибе алмасып, көрермен көзайымына айналуға тырысып бағатындарын айтады. Әсіресе елімізге келген жас өнер иелері қуанышты екендерін жеткізді.

Лара София Мораис Алейшо, Португалия әншісі:

- Мен Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Өйткені бірнеше жыл бұрын осы елге келуді армандадым. Оған себеп болған елдің мәдениеті. Қазақстанның әншілерімен кездесіп, олардың репертуарларымен жақынырақ танысқым келді.

Ауқымды шараға жауапты орган өкілі: «Заманауи технологиялардың көмегімен сахна ерекше реңкке көмкеріледі», – дейді. Сондықтан бұл жолғы ән сайысы ерекше форматта болмақ. Музыкалық доданың өтуіне арқау болған Мәдениет және спорт министрлігі байқаудың берері көп екенін айтады. Өйткені бұл тек еліміздің талантты жастарын табуға ғана сеп болмай, қазақ өнерін тағы бір деңгейге көтеретініне сенімді.

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры:

- «Voice of Nur-Sultan» биылғы жылы айрықша болайын деп тұр. Фестивальдің бірінші күні қатысушылар өз репертуарындағы әндерді шырқайды. Ал екінші күні отандық жас жұлдыздар мен қазақстандық композиторлардың әндерін дуэт етіп айтады. Сондықтан фестивальге қатысушыларға министрліктің атынан сәттілік тілейміз!

Алдағы жұма-сенбі күндері «Қазақстан» ОКЗ-да өтетін «Voice of Nur-Sultan» байқауына Ресей, Грузия, Әзербайжан, Украина, Болгария, Португалия, Қытай өнерпаздары қатыспақ. Ал отандық қатысушыларға келер болсақ, ең таңдаулылары ғана іріктелініп алынған. Оның дәлелі – алдағы байқауға қатысқалы жатқан қазақстандық орындаушылардың үшеуі «Topjarǵan» ән байқауында да таланттарымен көзге түскендер. «Ал шоудың басты мақсаты – еліміздің эстрадасы деңгейін көтеру», –дейді Ринат Думанұлы.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл біздің ән өнерімізді, кәсіби эстрадамызды жаңа деңгейге көтеретін нақты бір қадам деп білеміз. Жастар жылы болғандықтан, сондай-ақ кәсіби, халықаралық деңгейдегі жоба болғандықтан «Хабар» Агенттігі осы жобаның бас ақпараттық серіктесі ретінде шығып отыр.

Айта кетерлік жайт, «Хабар» Агенттігі – алқалы байқаудың бас ақпараттық серіктесі. Сондықтан алдағы жұма-сенбі күндері сағат 19:00-де концерт тікелей эфирде көрерменге жол тартпақ. Бұдан өзге, өнерпаздары қатысып жатқан елдердің телеарналары да ән додасын тікелей эфирде таратпақ.

Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Айбын Құсанбеков

 

Похожие материалы (по тегу)