Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем теннисінің жұлдыздарымен кездесті

Біздегі теннистің дамуына жоғары баға берген Рафаэль Надаль мен Новак Джокович Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағаны және тенниске көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыстарын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – қазіргі заманның даңқты теннисшілерінің ойынын Қазақстанда көруге керемет мүмкіндік. Аталған матчтың қайырымдылық мақсатта өтіп отырғаны аса маңызды. Сіздердің астанамызға келгендеріңіз Қазақстандағы тенниске үлкен қолдау екені даусыз. Балаларға көрсететін шеберлік сабақтарыңыз оларға жақсы үлгі болады және шабыттандырады деп сенемін.

Новак Джокович, әлемнің бірінші ракеткасы:

- Президент мырза, Қазақстанда тенниске көрсеткен қолдауыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз елдеріңізде теннистің насихатталуына және дамуына өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз.

Рафаэль Надаль, әлемнің екінші ракеткасы:

- Бұл менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Әр келген сайын әсем елорданың келбетінен рахаттанамын. Дегенмен бұл жолғы сапарым ерекше. Өйткені ғажап Ақорда сарайында Сізбен кездесуге мүмкіндік алдым.