Хабар телеарнасы

Қостанай облысында жол сапасы сын көтермейді

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесінің қызметкерлері Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарында мердігерлер жұмысынан мін тауыпты. Жуырда Федоров – Первомай тасжолын да тексерді. Техникалық талап мұнда да бұзылған.

Аудан орталығынан Первомай ауылына баратын 34 шақырым жол 30 жылдан бері жөнделмеген. Үш жылға есептелген орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Осы уақытқа дейін 17 шақырымы тегістелген. Бірақ атқарылған жұмыстар сын көтермейді.

Дархан Сақанов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК директорының орынбасары:

- Асфальт жабындысының орташа қалыңдығының өлшемін алдық. Көріп тұрғанымыздай ол 3-3,5 см құрайды. Ал талап бойынша 4 см кем болмауы тиіс. Сондай-ақ асфальт үгіліп, іріп жатыр.

Жолдың екі жағы су ағып кететіндей еңіс болуы тиіс. Бұл талап та сақталмаған. Бұған дейінгі зертханалық тексеру асфальт қоспасының тығыздығы белгілі мөлшерден аз екенін көрсеткен. Барлығы 14 түрлі кемшілік анықталды.

Дархан Сақанов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК директорының орынбасары:

- Болған қателер мердігер мен тапсырыс берушіге айтылған. Сол кезден бастап, кемшілікті жою үшін не істелді, не өзгергені жайлы бізге ешқандай құжат түскен жоқ.

Тапсырысты орындаушы тараптың пікірінше, қазіргі жағдайда міндетті мінсіз атқару мүмкін емес. Себебі орташа жөндеуге қойылатын техникалық талаптардың өзі ақылға қонымсыз.

Григорий Семёнов, техникалық бақылаушы:

- Біз талап бойынша 4 см ғана асфальт төсеуіміз керек. Мұндай қалыңдық тек тратуарлар мен спорт алаңдарына ғана жарамды. Ал мында қараңыз қаншама егіс алқабы бар, жиын-терін жүріп жатыр.

Сол төрт сантиметрдің өзін толық салмаған мердігер олқылықты өз есебінен түзеуге міндеттелетін болып шешілді. Жалпы облыста биыл 500 шақырым жолды орташа жөндеуге 16 млрд теңге бөлінген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг