Хабар телеарнасы

Абай мен әл-Фарабидің мерейтойы кең көлемде тойланады

Ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған іс-шараларды жоғары мазмұнды деңгейде өткізу мемлекеттігімізді айқындайды. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған мерейтойдың республикалық жоспарлары талқыға түсті. Комиссия мүшелері жан-жақтан келіп түскен ұсыныстарды қарап, жыл бойы аталып өтетін мерекелік бағдарламаларды бекітті.

Ұлы Абай мен әлемдегі екінші ұстаз атанған әл-Фарабидің мерейтойын атап өту қаңтар айында басталады. Ал биыл желтоқсанда атаулы мерекенің бірыңғай символикасы бекітіледі. Абайдың 175 жылдығы елордада 8 қаңтар күні салтанатты түрде ашылады. Іс-шаралардың негізгі бөлігі ақынның кіндік қаны тамған Семей өңірінде өтпек. Жалпы 500-ден аса мәдени-рухани іс-шара жоспарланған.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Біз енді кем дегенде ол кісінің еңбектерін он тілге аударуымыз керек. Одан кейінгі іс-шара ЮНЕСКО төңірегінде Париж қаласында жоспар бойынша қараша айында өтетін болады. Республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен жарты млрд қаржы бөлінді. Осы Нұр-Сұлтан қаласында «Абай әлемі» деген үлкен орталық салсақ деген жоспарымыз бар. Оған қосымша қала әкімшілігі өздерінің есебінен Абайдың ескерткішін салатын болады.

Абай мен әл-Фарабидің мерейтойы күнтізбесі шетелді де қамтиды. Кембридж университетінің музейінде Ұлы ақынға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәскеудегі Үлкен театрда «Абай» операсының қойылымы жоспарланған. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби қорығы мен ақын есіміне қатысы бар мұралар қайта жаңғыртудан өтеді.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Абай ауданының инфрақұрылымының жағдайын жақсарту жөнінде қосымша шаралар қабылдансын. Қазақстанның шетелдегі елшіліктері негізінде, сондай-ақ Қазақстандық ұлттық университеттерінің серіктес ЖОО «Абай орталықтарын» құру мәселесі пысықталсын. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі өңірлік жоспарларды бекітсін.

Қазір елімізде Фараби танушылар саусақпен санарлық. Сондықтан басқа елдің ғалымдарымен байланыс орнату мәселесі де сөз болды. Енді елордадағы республикалық оқушылар сарайы әл-Фарабидің атымен аталады. Ел астанасында ұлы ойшылдың еңселі ескерткіші орнатылып, шаһар көшелерінің біріне әл-Фараби есімі беріледі. Жалпы ғұлама ойшылдың 1150 жылдық мерейтойы қаңтар айында Алматыдағы ұлттық университетте әл-Фараби орталығының ашылуымен басталады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Базылхан, Жандос Битабаров