Хабар телеарнасы

Елордада 25 мың балаға мектеп жетіспейді

Қала әкімдігі: «Бұл мәселені шешу үшін алдағы 5 жылда 50 мектеп салу қажет», – деп отыр. Мемлекет басшысы елорда шетіндегі №23 мектепке барып, мұғалімдер мен оқушылардың мұқтаждықтарын тыңдап, нәтижесінде жаңа мектеп салуға уәде берді.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы тамыз айында ашылған. Орталық кез келген отбасыға әлеуметтік, психологиялық әрі заңгерлік көмек көрсетуге әзір. Ашылған екі айда 5 мыңнан астам адам көмекке жүгінген. Орталық «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Президент бұл жерде «Кәсіпкер ана» жобасының қатысушыларымен кездесті. Солардың бірі – 5 баланың анасы Әлия Балмағамбетова.

Әлия Балмағамбетова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Қазір осы жоба аясында оқып жатырмын. Болашақта өз кәсібімді ашқым келеді. Ол үшін қарым-қабілетім жеткілікті деп ойлаймын. Сондықтан елордада тұратын аналарды, әйелдерді осы жобаға қатысуға шақырамын.

«Жанұя» орталығының бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы аталған мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймағында іске асыру керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Я поддерживаю вашу инициативу. Благодарю за начатую работу, конечно, это только начало работы. Еще впереди очень-очень много дел. Но, как говорится, первый шаг всегда очень важен. Что касается государства, в частности акимата, то поддержка будет оказываться. У вас есть свое здание. Работайте, дерзайте. В нашей стране людям, которые хотят работать и ищут дорогу к успеху они всегда находят. Дорогу осилит идущий.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №23 мектеп өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Қазір ескі мектепте 834 бала оқиды, тілі – аралас. Татьяна Дуенко – бастауыш сынып мұғалімі, осы мектепте оқыған, осы мектепте енді сабақ беріп жүр. Осымен 36 жыл.

Татьяна Дуенко, мұғалім:

- Біздің мектептің балалары спортпен, музыкамен, жалпы жанына жақын нәрсемен айналысқанын қалаймыз. Біздің жұмыс істегіміз келеді. Бірақ ол үшін мүмкіндік жоқ, ғимарат жоқ.

Бір мектептің мәселесі оңай шешілгенмен, елордада мектеп тапшылығын түбегейлі шешу үшін әлі біраз уақыт керек. Нұр-Сұлтан қаласында үш ауысыммен оқитын 8 мектеп бар. 25 мың оқушыға орын жетіспейді. Қазір елордада 295 мың бала оқиды десек, бұл көрсеткіш кезіндегі Целиноградтың халқымен бірдей.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Келесі жылы біз Білім және ғылым министрлігімен бірге мына 12 мектепті жоспарлап отырмыз. Оны біз ашамыз, сонымен 9400 болады. Соның ішінде балабақшалар да бар. Негізі мына кешенді жоспар бойынша біз 50 мектеп саламыз.

Нұр-Сұлтан қаласы «төрт құбыласы тең қала» қағидатымен дамуы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қазанда елорданы дамыту жөніндегі жиында бас қаланың басты проблемаларын көтерді. Соның бірі – тұрғын үй алаптарын дамыту. Мемлекет басшысына елорда халқының 25% тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылуы жайында да мәлімет берілді.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Міне негізі үш мәселеге бөлдік. Ол – жол, инженерлік инфрақұрылым, екіншісі – осындай әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі және өзіңіздің тапсырмаңыз бар бұқаралық спортты дамыту, абаттандыру. Қала халыққа ыңғайлы болуы керек деген тапсырмаңызға сәйкес біз қазір осы жоспарды бекіттік.

Тоқыма күртеше, жұмсақ жастық, арнайы киімдер – біз жиі сынайтын қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің үлгісі. Қасым-Жомарт Тоқаев «Astana Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компаниясына да барды. Тауардың сапасы жақсы, сондықтан сұраныс та жоғары. Тігін цехында 460 адам жұмыс істейді, соның 45-і әлеуметтік әлсіз топтан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Я с удовольствием посмотрел вашу фабрику. Доволен. Это действительно нужное, передовое производство. Оборудование здесь хорошое. Социально ответственное предприятие. Самое главное здесь работают такие прекрасные люди и красивые женщины, как вы. Өте жақсы кәсіпорын.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы