Хабар телеарнасы

Елбасы Түркістанға сапары барысында жаңа ғимараттарды аралап көрді

Қаланың сәнін келтірген бұл нысандар пайдалануға дайын. Сапарды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берген Нұрсұлтан Назарбаев «Әрбір салынған қала – Қазақстанның байлығы» екенін айтты.

Бұл істен бірде-бір аймақ тыс қалған жоқ. Түркістанды қайта түлетуге бүкіл ел өз үлесін қосып жатыр. Тек биылдың өзінде 102 ғимарат пайдалануға беріледі. Былтыр басталған орасан құрылыстың алғашқы нәтижесі осы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Бұл – тарихи Түркі дүниесінің орталығы, Қазақстан үшін өте маңызды қала. Түркістан – біздің дәстүріміз шайқалмаған жер. Сондықтан бұл жерде үлкен қала орнату бұрыннан ойымызда болған.

Бірінші күні Елбасы мәдени-ағарту нысандарының құрылысымен танысса, енді біраз ғимаратты арнайы барып көрді. Екі қабатты, екі мың шаршы метрлік неке сарайы – Қостанай облысының тартуы. Қазіргі құрылыс қарқыны мен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына қарап, келешекте Түркістан тұрғындарының қатары күрт көбеюі мүмкін деп топшылауға болады. Бас жоспарды жасаған кезде мұның бәрі алдын ала есепке алынды. Қазірдің өзінде қоныс аударушылардың дені – жастар. Себебі қайта түлеп жатқан Түркістанда мүмкіндік көп. Нұрсұлтан Назарбаев шаңырақ көтеріп жатқан жастармен жолығып, ақ тілегін айтты. Айта кетейік, мұндай ғимарат қалада бұрын болған емес.

Халыққа қызмет көрсету орталығы. Басқасы басқа дәл қазір түркістандықтар үшін аса қажет нысан. Әсіресе тұрғын үй құрылысының қарқыны артқан тұста мұнда келетін адам саны көп болады. Республика бойынша құжат рәсімдеудің, анықтама алудың қандай озық технологиясы бар, соның бәрі осы жерге топтастырылған. «Үш қабатты ғимаратта халыққа қызмет көрсетудің барлық тиімді тәсілді қарастырылған», – дейді мамандар.

Биыл тапсырылатын ғимараттардың дені әлеуметтік болып келеді. Бұл – әуел бастан шешілген мәселе. Елбасы көрген тағы бір нысан – «Ақ жайық» музыка мектебі. «Ақ жайық» деп аталуы да бекер емес. БҚО құрылысқа жауапты. 550 орындық концерт залы бар, жастарды өнерге баулуға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі қарастырылған ғимарат қаланың кес-келбетімен әдемі үйлесіп тұр.

Ал мына алып алаң – Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығының бір бөлігі. Құрылыстың көрігі осы жерде қызып жатыр. Шілденің ыстығында ысылған, қарашаның қара суығында қайраттана түскен құрылысшылар біраз шаруаның басын қайырған. Облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттердің ғимараттары, конгресс орталық, оқушылар сарайы, спорт кешені, медиа орталық сынды бірнеше нысан Түркістан құрылысының қауқарын аңғартады. Енді медиа орталық елордада ғана емес, Түркістанда да болады. Ғимараты шағындау болғанмен, мүмкіндіктері шамалас шаңырақ жергілікті ақпарат құралдарына ортақ болмақ. Сосын ғимараттың өзі энергия үнемдейді. Тұтастай көмкерілген шынының арқасында орталықтың іші қыста – жылы, жазда қоңырсалқын болады.

Әкімшілік-іскерлік орталықтың белортасындағы ғимарат облыстық әкімдікке тиесілі. Әсем шығыстық үлгідегі оюмен көмкерілген, онымен қоса іскерлік стильмен сәтті сабақтас нысанды Елбасы аралап көрді. Айтпақшы Nur Otan партиясының қабылдау бөлмесі осында орналасқан. Есігі бөлек, күзеті жоқ қабылдау бөлмесі – арыз-шағым айтылатын орын.

Облыстық әкімдіктің ішінде Елбасына тағы да бірқатар жоба таныстырылды. Былтыр облыс орталығын дамытуға арналған құжаттар бекітілді. Соларға сәйкес шаһарды өркендетудің негізгі бағыт-бағдары айқындалған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Бір жылдың ішінде көп жұмыс жасалған. Ендігі жылы көрші елдердің басшыларын саммитке осы жерге шақырайық деп отырмыз. Олар келісім берсе, мүмкін Түркістанда өткізерміз. Бұрында Өзбекстанмен Яссауи кесенесінің алдында мәңгілік достыққа қол қойғанбыз, сондай бір келісімге келетін боламыз. Мұның бәрі еліміз үшін үлкен жаңалық.

Тағы бір маңызды жоба – халықаралық әуежайдың құрылысы. Бүгінгі күні нақты іс басталды. Сонымен теміржол вокзалы мен әуежайды жалғайтын жолдың құрылысы жүріп жатыр. Жобалардың жай-жапсыры жайлы Елбасына баяндалды. Содан соң Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік сапарды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Қазірдің өзінде аралап шыққан ғимараттың барлығы керемет. Далада қаншамағимарат салынып, қаншама жұмыс орындары ашылып жатыр. Әсіресе 2 млн халқы бар облыстың жастарына жұмыс беру керек. Елдер осы жерге қайтадан жиналып жатыр. Қонақүйлер, мектептер, ауруханалар, заманауи әуежай болады. Су, жол, теміржол мәселесі шешіледі. Сондықтан еліміз тағы да бір үлкен шаһарға байиды.

Әрбір бастама әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға септесуі тиіс. Түркістан облыс орталығы болғалы бері қаланың өзінде 1,5 мың жұмыс орны ашылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Бүкіл Қазақстан, Үкімет, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлығы қолдап, бірге істеп жатқан шаруамыз ел үшін, халық үшін Қазақстанның өркендеп, өсуі үшін жасалынуда. Әрбір салынған үй – Қазақстанның байлығы. Әрбір салынған қала – Қазақстанның байлығы. Сондықтан біз салғанда да көп әңгіме болды, қанша ақша жұмсалды деп, қазір барлығын қайтарды. Мемлекетке, бюджетке қазір жыл сайын трлн теңге ақшаны құйып жатыр. Мұның барлығы қуанышты жағдай.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Былтыр Түркістанға 1,5 млн турист келген. Егер ойлаған іс орындалса, саяхатшыны қызықтыратын жобалар жүзеге асса, бір күнде келіп-кетпей, қалада біраз уақыт аялдап қалу үшін тиісті жағдай жасалса, туристердің саны 4-5 млнға жететін болады. Қазіргі таңда әлеуметтік инфрақұрылыммен бірге туристік жобаларды қатар дамыту басты назарға алынған. Тұтас түркі дүниесінің бой тұмарына айналған Түркістанның бұған мүмкіндігі жетеді.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұлов