Хабар телеарнасы

Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер қаңырап бос тұр

Қазір бұл баспаналардың біршамасы тоналып, тең жартысы әбден тозған. Ал оны салу кезінде мемлекет қазынасынан 200 млн теңге жұмсалған. Қыруар қаржыға салынған тұрғын үйлер неге қараусыз қалды?

22-ықшамауданға алғаш қоныстанғандардың бірі – Түсіпхан Қоңырбаев. Зейнеткердің айтуынша, соңғы кезде тұрған үйлер бұзылып, құрылыс материалдары шашылып, бұл ықшамаудан күл-қоқыс алаңына айнала бастапты. «Маңайдағы қаңыраған ғимараттарға қарап ішім удай ашиды», – дейді қария.

Түсіпхан Қоңырбаев, қала тұрғыны:

- Мында 70-80 үй тұр. Енді 70-80 жас отбасы келіп кірсе, жаман ба? Ауылдан келген жастардың көбі үй жалдап жүр. Мынаның бәрін дұрыстап салып берсе, халыққа кішкене көмек қой.

Әдемі үйлердің жаңбыр мен қар астында шіріп жатқаны мұндағы тұрғындардың барлығын да алаңдатып жүр. Олар бұған құйылған қаражатттың далаға кеткеніне ашынады.

Далаға кеткен қаражаттың есебімен құрылыс бөлімі хабардар. Есік-терезесі үңірейіп, ештеңеге жарамай қалған 43 нысанның құрылысына 190 млн 730 мың теңге бөлініпті. Жоба 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған. Алайда мердігер компания кестеге сай жұмысты орындай алмаған. Мәселенің бәрі осы жерден басталады. Құрылыс бөлімі ол компанияның үстінен сотқа арыз түсіреді.

Мадияр Абылханов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Кестеге сай жұмысты орындамаған, кестеге сай орындалмағандықтан, арызданғанбыз. Соттың шешімімен келісімшарт бұзылды. «Кировский РМЗ» ЖШС бізге, мемлекеттік мекемеге, заңды түрде объектілердің консервациясын жасап, тапсырып беру керек еді. Бізге консервацияланып, заңды түрде әлі берілген жоқ.

Сөйтіп жауапты мамандар әлі сот шешімінің орындалуын күтумен жүр. Қашан бұл дауға заңды түрде нүкте қойылары белгісіз. Бірақ сала басшылары аталған үйлердің құрылысын әрі қарай жалғастырып, толық аяқтауды жоспарлап отыр. Ол үшін тіпті сметалық жобалық құжаттамалар да әзірлеп жатыр екен.

Үйлердің кейпі міне осындай. Жергілікті әкімдік қайта қалпына келтіріп жөндегенше шыдай ма, жоқ па, белгісіз. Қазірдің өзінде қаусап, әрең тұр. Айта кету керек, Өскеменде үй кезегінде 11284 адам тұр.

Бұл ықшамауданда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тағы 80-ге жуық үй бар. Онда тұрғындар тұрып жатыр. Көпшілігі мемлекеттік қызметкерлер. Алайда аудан инфрақұрылымнан жұрдай деуге болады. Жолы ми батпақ. Қоғамдық көлік кірмейді. «Жарық, жол сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етеміз», – дейді әкімдікітегілер. Бірақ келесі жылы. Ол үшін қаржылық өтінім беріліпті.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов