Хабар телеарнасы

2020 жылы экономикалық құлдырау қаупі қоюлана түседі

«Астана клубының» V отырысына жиналған сарапшылар, әсіресе экономикалық құлдырау қаупін айтып отыр. Әлем елдерінің 75% экономикасы бәсеңдейді. Олар: «АҚШ пен Қытай секілді ірі елдердің сауда соғысы 700 млрд доллар шығын әкелуі мүмкін», – деген болжам айтады.

АҚШ-тағы президент сайлауы, АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы. Еуразия елдері үшін он сын-қатердің негізгі бөлігі қалай десек те, осы әлемдік державаның дамуымен байланысты. АҚШ пен Қытай арасындағы әлемдегі екі ірі экономиканың сауда соғысының басталғанына 2 жылдың жүзі болды. «Бірақ қос алыптың текетіресін Қазақстанның есесіне шешуге болады», – дейді сарапшылар.

Руслан Ізімов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Дағдарыс қиындықтарды да, мүмкіндіктерді де тудырады. Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы жиі айтады. Шынын айту керек, Қазақстанға ең алдымен ауылшаруашылық саласында мүмкіндіктер ашылып жатыр. Өзіңіз білетіндей, Қытайға қарсы үлкен санкциялар пакеті осы ауыл шаруашылығына қатысты болатын. Бұл мәселені біздің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі шешіп жатыр. Біз Қытайға ауылшаруашылық экспортын ұлғайтуға тиіспіз.

Иранға қарсы әскери соғыс. Ядролық келісмді жою Иран төңірегіндегі қайшылықтарды одан әрі ушықтыра түсуі мүмкін. Ал Таяу Шығыстағы мұндай текетірес біз үшін географиялық жағынан тиімді емес.

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Иран – Каспий теңізі жағалауында орналасқан мемлекет. Яғни Иранға қатысты басталған әрбір іс-қимыл Каспий теңізіне де ұласып кетуі мүмкін. Ал өз кезегінде Қазақстанның басты мұнай кен орындары Каспий жағалауында орналасқан. Біз бұл ретте ерекше алаңдаушылық білдіріп отырмыз.

Осы жазда «АҚШ Азияға орта қашықтықтағы ракеталарды орналастырады» деген хабарлама тараған болатын. Ресейлік әскери сарапшы Евгений Бужинский америкалық әріптестерінің ракеталарын дәл қай жерге қоятынын болжайды

Евгений Бужинский, ПИР-орталық кеңесінің төрағасы:

- Дәл қазіргі күні жерүсті ракеталарын америкалықтар қай мемлекетке қойғысы келетіні түсініксіздеу. Өйткені АҚШ бір кездері зымыранға қарсы THAAD қаруын Оңтүстік Кореяға қойғысы келген еді. Осыдан кейін Қытай Оңтүстік Кореяға, корей тауарларына бойкот жариялаған болатын. Шындығында Қытайдың көрші елдерге ықпал ете алатын экономикалық тетіктері айтарлықтай салмақты. Ракеталар Жапонияға қойылуы мүмкін. Бірақ ол жаққа қойса, қауіп Қытайға ғана емес, Ресейге де туындайды. Австралия десек, АҚШ 5 мың шақырымға ұшырарлық ракеталарды әлі жасаған жоқ. Еуропаға қойса, онда кезекті дағдарыс басталады.

Экологияның ластануынан жыл сайын 9 млн адам көз жұмады. Бұл – әскери қақтығыстардың құрбандарынан 15 есеге көп деген сөз. Әрине, «Астана клубының» сарапшылары терроризмнің жаңа толқынын жоққа шығармайды. Дегенмен адамзат арасындағы келіспеушіліктер табиғатты тоздырады.

Владимир Якунин, сарапшы:

- Терроризмде ең басты тәуекел болмауы мүмкін, қоршаған ортаның ластануы салдарынан жыл сайын қаншама адамның қайтыс болатынын естісеңіз, сіз таңғалар едіңіз. Дегенмен терроризмнің жаңа толқыны туралы жиі айтатын болдық. Оны қазір тамырымен жою мүмкін емес. Тіпті технологияның үздік жетістігін қолына түсірген терроризм қауіпті бола түсті.

«Астана клубтың» отырысына келгендердің бірі – Жомарт Оторбаев. Қырғыз Республикасының Үкіметін 2014-2015 жылдары басқарған. «Орталық Азиядағы бесеудің экономикалық белсенділігін арттыру қажет», – дейді. Себебі бес елдің экономикасы 42-орында тұр.

Жомарт Оторбаев, Қырғыз Республикасының экс-Премьер-Министрі:

- Біз өз-өзімізге сыни көзқараспен қарауымыз қажет. Орталық Азиядағы 5 елдің экономикасын түгел қосқанда Чилидің экономикасымен тең. Әрине, біздің жетістігіміз көп. Бірақ біз әлемдік картадағы рөлімізді нығайта түсуіміз қажет. Қытай, Ресей, Үндістан секілді үлкен көршілермен сауатты сауда жүргізе білуіміз қажет.

Әлем елдері кездесіп отырған кедергілердің түп-тамыры – біреу. Ол – сенім деңгейінің төмендеуі. Сенім атаулыға селкеу түссе, сол саяси салқындыққа әкеліп соғады, ал оның арты экономикалық қиындықтарға әкеледі. Словенияның экс-президенті бұл ретте салмақты келіссөздерді жүргізуде астанадан басқа алаңның да жоқтығын айтады.

Данило Тюрк, Словенияның экс-президенті:

- Кез келген мәселені шешу үшін белгілі бір жерде формальдан тыс процесс бастаған дұрыс. Сенімнің түсіп кеткенін ескерсек, салмақты келіссөздерді жүргізерлік дәл қазір жағдай жоқ. Біз Қазақтсан астанасы Нұр-Сұлтан қаласында бас қосып отырмыз. Қазақстанның бейбіт процесстерді ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар. Ядролық қарулардан бейбіт аумақтарды құруда бұл ел зор жетістікке жетті. Одан бөлек, Қазақстан Сирия мәселесін шешуде аса белсенділік танытты. Сондықтан дәл осындай формальдан тыс процессті Қазақстан бастай алар еді.

«Астана клубы» сарапшыларының мерейтойлы V отырысы жалғасады. Оның жұмысына Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады. Елбасы «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» атты пленарлық отырыста өз ойымен бөліспек.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков