Хабар телеарнасы

Алматыда жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 50-ден астам жүргізуші анықталды

Ал 100-ден астам жүргізуші көлігін тіпті нөмірсіз айдаған. СОндай-ақ отпен жүретін көліктің иесі ұсталды. Ол да жалған нөмірмен жүрген. Жол ережесін бұзған алматылыққа 6 хаттама толтырылып, темір тұлпары айып тұрағына қойылды.

Ағашпен жүретін көлік туралы бейнекөрініс ақпарат құралдарында тез тарап, талайларды таңғалдырды. Олардың қатарында полиция қызметкерлері де бар. Көп кешікпей ескі көліктің иесі Сүйінбай даңғылының бойында ұсталды.

Жандос Мұратәлиев, қалалық ПД әкімшілік Полиция басқармасының басшысы:

- Көлікке мұндай өзгерістер біздің заңға сәйкес енгізуге болмайды. Себебі көлік жүріп бара жатқан кезде сыртынан шығып тұратын заттар ұшып кетіп біреуге немесе өзіне де зақым келтіру мүмкін.

Зейнеткер көлігін 2017 жылы есептен шығарып тастаған. Бірақ есік алдында босқа тұрған соң оны өзгертіп, елдің көзіне түскісі келген болу керек. Көшеде еркін жүруі үшін жалған мемлекеттік нөмір тағып алыпты.

Жандос Мұратәлиев, қалалық ПД әкімшілік Полиция басқармасының басшысы:

- Қойғаннан кейін жүргізгені үшін оған басқа әкімшілік хаттама толтырылады. 20 АЕК айыппұл салынуы мүмкін немесе 1 жылға дейін жүргізу куәлігінен айырылады.

Бұдан басқа тағы бес хаттама толтырылды. Айта кететін жайт, зейнеткер жалған нөмірмен Алматы көшелерінде жаздан бері жүріп келеді. Оған әлеуметтік желідегі мына видеолар дәлел. Тек жазда пештің орнына душ қолданған.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов