Хабар телеарнасы

Оңтүстік Кореяда бала қаққан қазақстандыққа қатысты сот жалғасуда

Мұны сотта айыпталушының қорғаушысы мәлім етті. Жол-көлік апатына қатысты жаңа мәліметтер сотта жарияланды.

Владислав Цой, тілші:

- Жеті жасар баланы қағып кеткен қазақстандық жігіттің ісі бойынша алғашқы сот отырысы апат болған Чангвон қаласында өтті. Сот отырысына айыпталушының анасы мен қорғаушысы және Қазақстан елшілігінің өкілі қатысты.

Жиырма жастағы Сырым өзіне тағылған бар айып бойынша кінәсін мойындады. Бұл – жүргізуші куәлігінсіз және сақтандыру полисынсыз көлікті тізгіндеу, жылдамдықты асыру және жол апаты орнын тастап кету. Сот барысында Сырымның анасы Қазақстан және Корея азаматтарынан және баланың ата-анасынан кешірім сұрады. Алайда жәбірленушілер сот мәжілісіне келген жоқ. Айыпталушының анасы баланың әкесімен көзбе-көз кездескісі келген еді, бірақ ол да жүздесуге әзір емес екенін жеткізген.

Жанар, айыпталушының анасы:

- Мен баламмен келгеннен бері екі рет кездестім. Балам өз қателігін түсінді. Менен кешірім сұрады. «Өзімнің мойныма бар қателікті аламын, заң алдында жауап беремін», – деді.

Қорғаушысы сотта Сырым жол апаты орнынан бірден емес, баланың қасына адамдар жақындағаннан кейін кеткенін алға тартты.

Чой Хак Се, айыпталушының қорғаушысы:

- Бақылау камераларынан бала рұқсат етілмеген жерде жол өткенін көруге болады. Ол әкесінің дүкенінен шығып, көшені өткенде алды-артына қарамағандықтан апатқа ұшырады. Әрине, бала жаяу өтпе жолымен өтуге тиіс болатын. Сол себепті жәбірленуші жағынан да ереже бұзушылық болған. Сырым «бала көлікті көріп, жолды өтпейді» деп санаса, бала керісінше «көлік оған жол береді» деп ойлаған тәрізді.

Сырым Кореядағы зауытта заңсыз жұмыс істеген. Бастықтары мен әріптестері оны жауапты адам ретінде сипаттап отыр. Чанвонда ол Назым есімді қарындасымен бір бөлме жалдап тұрғаны белгілі. Қаражатын үнемдеп, тапқан ақшасын анасына жіберіп тұратын. Әкесі осыдан жеті жыл бұрын дүниеден озған екен.

Чой Хак Се, айыпталушының қорғаушысы:

- Әрине, Сырым жүргізуші куәлігі болмағаны, жылдамдықты асырғаны және апат орнын тастап кеткені үшін кінәлі. Алайда ол баланы оқиға орнынан алып кеткенін бақылап тұрған екен. Қазір кінәсін мойындап, өз еркімен Кореяға оралды. Жәбірленуші жақпен келісе алса, шартты жаза шығарылуы мүмкін. Ал бұл қолынан келмесе, бір жылдан аса мерзімге абақтыға қамалады.

Осы іс бойынша кезекті сот отырысы бір айдан кейін өтеді. Оған жарақат алған баланың ата-анасы шақырылады. Сол кезде қос тарап арасында келісім жасалуы мүмкін. Ал іс бойынша үкім желтоқсан айының аяғында шығарылады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян