Хабар телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандар мерекелік төлемақыларын ала алмай жүр

Олардың екі мыңға жуығы кәмелет жасына толмаған. Осы санаттағы тұрғындарды қаржылай қолдау мақсатында жылына бес рет жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Оларға тиесілі ақша биыл кешігіп жатыр.

Алтынашар Қалаубаева Атамекен ауылдық округінде тұрады. Арбада отырып билеу үйірмесіне инватаксимен қатынайды. Үйде әшекей бұйымдарды тігіп, әлеуметтік желіде саудалайтын сүйікті кәсібі бар. Бұл ретте мемлекеттік мерекелік күндері берілетін қосымша қаржы қолын ұзартқан.

Алтынашар Қалаубаева, I топтағы мүгедек:

- Үкіметтен бөлінген соң күтеміз. Кішкене болса да көмек қой. Кешігіп жатса, ыңғайсыз болады. Біреуден қарыз аласың. Басында ерте түсетін еді. Зейнетақы беріп жатқан кезде ертесіне бір күн өтпей түсетін. Қазір екі апта, үш апта, тіпті бір ай өткенде барып түседі.

Мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемақылардан бөлек мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындары алты жылдан бері әкімдіктен қаржылай қолдау алып жүр. Өңірлік бағдарлама аясында осы мақсатта бюджеттен қаражат бөлінеді. Орта есеппен бір адам 12 625 теңге алады. Осынша ақшаның бір жылда бірнеше рет төленуі мүгедектер үшін әжептеуір көмек.

Гүлнар Қайырлиева, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Республика бойынша тек біздің өңірде мүгедектер үшін жылына 5 рет жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар жылына 6 рет төлемақы алады. Барлығын қоса алғанда осы санаттағы ересек адам үшін жылына 63 мың, бір балаға 75 мың теңге мерекелік төлемақы тағайындалған. Қараша не желтоқсан айлары берешек қаражатты толық төлейміз деп ойлаймын.

Жауапты мамандар мерекелік төлемақының биыл кешігуін мүмкіндігі шектеулі адам санының өсуімен түсіндіреді. Осы себепті бюджетке түзетулер енгізілген. Құжат қалалық экономикалық жоспарлау бөлімінде қаралып жатыр. Соңғы дерекке сенсек, 8 мыңнан астам мүгедек жанға төлемақы беріліпті. Қалғанының банк картасына осы аптаның соңына дейін түсуі керек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев