Хабар телеарнасы

Аймақтарда күннің күрт суытуына байланысты жауапты органдардың жұмысы күшейтілді

Сынып қалған көліктің ішінде Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары болған. 53 шетелдік үсіп қала жаздады. Абырой болғанда мамандар оқиға орнына дер кезінде келіп, жолаушыларды жылыту бекеттеріне жеткізді.

Жанна Белялова, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Автобустар жазғы дизель отынымен жүргені анықталды. Салдарынан сынып қалды. Біз өз тарапымыздан көлік жүргізушілеріне алыс жолға шығарда қысқы жанармайға көшу туралы ескерттік.

Облыс бойынша 200-ден астам жылыту пункті сақадай сай. Сондай-ақ қар тазалау техникалары дайын. Сонымен қатар 200 тоннаға жуық жанар-жағармай мен инертті материалдың тиісті қоры әзірленген.

Ернұр Өтегенов, облыстық Төтенше жағдай департаменті бастығы:

- 41 техника дайындалды. Қар қалың жерлерде өтетін құтқару жұмыстарын жүргізу үшін техникаларды ауыстырдық. Бұдан басқа республикалық, облыстық, аудандық жерлерде барлық техника дайын.

Ал Қостанай облысындағы үскірікке қарамастан 75 арнайы техника автомобиль жолдарына бақылау жүргізеді. Олар республикалық маңызы бар 1400 шақырым жолдың жағдайына жауапты. Тобыл өңірінде қалың қар басу қаупі бар 250 жол учаскесі белгіленген. Қатты боран болса, 600 шақырымдай автожолда техника қозғалысы қиындауы мүмкін.

Нұрғали Махмұтов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы:

- Жол бойына қарды тоқтататын арнайы қабырғалар орнатылды. 2017 жылы орташа жөндеу бойынша 10 мың метрді құрайтын арнайы темір бетондық қоршаулар орнаттық. Олар қардың жол бетіне ұшпау жұмыстарын атқарады.

Ақмола облысында 30°C  аяз тіркелді. Салдарынан қалалар мен бірнеше ауданда бастауыш сыныптар үшін сабақ тоқтатылды. Мәселен, Степногорск қаласы, Шортанды, Аршалы, Астрахань және Целиноград ауданында 9-сыныпқа дейінгі оқушылар мектепке бармады.

Алексей Советов, облыстық Төтенше жағдай департаменті бастығы:

- Аяз аймақта тағы екі күн сақталады. Сондықтан 112 қызметінен дабылды ескерту келгеннен кейін аса шұғыл болмаса, тұрғындарға жолға шықпауға кеңес береміз. Ал ауа температурасы 30°C-тан  төмендеген жағдайда дизельмен жүретін көліктерге, жолаушылар автобустары мен жүк көліктеріне жолда жүруге шектеу қойылады.

Ел шығысында да осындай жағдай. Қазіргі таңда өңірдің 11 жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Ал бұл тасжолдардың бойындағы жағдай тәулік бойы бақыланатын болады.

Гафур Акаев, облыстық Өрт сөндіру қызметінің бастығы:

- Облыс бойынша 19 жылыту пункті мен 4 дәрігерлік-құтқарушы пунктіміз бар. Соларға хабарламалар жасап, тиісті шаралар қолдануды жүзеге асырамыз.

Синоптиктердің хабарлауынша, суық ауа массалары елімізге Карск теңізінен келген. Бұл циклон солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде күннің суытуына сеп. Салдарынан түнде ауа температурасы 28-32°C аязға төмендейді. Дегенмен аяз бірнеше күн сақталды. Кейін әлсірейді деген болжам бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Данияр Тұрсынбеков, Дамир Шайдаров, Вячеслав Ветлугин, Алексей Омельницкий