Хабар телеарнасы

Ақтөбеде ұстаздар полицейлермен бірге торуылға шықты

Ел Президентінің тікелей тапсырмасына қарамастан, мұғалімдерді қызметтен тыс түрлі шараларға тарту тыйылмай отырған сыңайлы.

Кешкілік 21:00-ден бастап түн жарымға дейін ұстаздар полицейлермен бірге торуылға шығуға мәжбүр. Кәмелетке толмаған жеткіншектер жиналатын компьютер клубтары мен мейрамханаларды аралап, мезгілсіз уақытта жүрген оқушыларды анықтайды. Күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен сабаққа дайындықты ысырып тастап, бір апта бойы рейдтік шараларға қатысуға ұстаздар қарсы емес.

Бексұлтан Сексенов, биология пәнінің мұғалімі:

- Мұғалімді басқа іс-шараларға тартуға, жұмысқа жіберуге болмайды. Бірақ әр адам азаматтық негізінде өзінің борышы ретінде әр балаға мектепте өз баламыздай білім мен тәрбие беріп отырғаннан кейін олардың өміріне де алаңдаймыз.

Мұғалімдердің түнгі шаһарды шарлау кестесі де құрылған. Қалалық Білім бөлімі басшылығы бекіткен құжатқа сәйкес күніне 20 ұстаз полицейлердің қатарына қосылады. Тәртіп сақшылары мұндай көмектен бас тартпайтын сыңайлы. Себебі құқық қорғау саласында маман тапшы. Облыстағы әрбір мектеп инспекторы екі бірдей білім ордасына жауапты.

Нұрлан Оразалин, Полиция басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы:

 - Мұғалімдерді түнгі 01:00-ге немесе таң атқанша ұстамаймыз. Олармен 1-2 сағат жүреміз. Өздері білім беріп жатқан балалардың кешкі уақытта немен айналысатынын көрсін. Сабақтан тыс уақыттарда қосымша сабақтарға жұмылдыру мақсатында бірлескен жұмыс атқарып жатырмыз.

Рейдтік шарадан түйген тәжірибесін педагогтер бала тәрбиесіне тиімді қолдануы керек деп түсіндік. Алайда ұстаздар ертеңгі сабақ жоспарын қай уақытта дайындайтындығы беймәлім күйінде қалды. Ал қалалық білім бөлімі өкілі: «Рейдтік шараға ешкімді күштеп шығарған емеспіз»,- дейді.

Жұлдыз Шалабаева, Білім бөлімі басшысының орынбасары:

 - Қоғамдық жұмыс болғандықтан, бұл мектептен ерікті түрде шығады. Әр мұғалім – ата-ана. Сондықтан әр ата-ана ерікті түрде, кезектесіп шығып жатыр. Бұл тек қана бір апталық акциямен болатын жұмыс емес. Әрі қарай жалғасын табу үшін әр мектептен мұғалімдер өздері кезектесіп шығып жатыр.

Мұғалімнің мәртебесін асқақтатып, қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған заң жобасы талқыланып жатқан сәтте ақтөбелік ұстаздардың көше кезіп жүруінің қаншалықты заңды екенін полицейлер де, білім бөлімі өкілдері де айта алмады. Дегенмен мұғалімдерге тікелей міндетінен бөлек жұмысты жүктеуді тоқтату туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында айтқан болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жергілікті әкімдіктер өкілеттігін асырып, білім беруге ешқандай қатысы жоқ түрлі шараларға ұстаздарды тарттыру тәжірибесі тоқтамай келеді. Үкіметке осы мәселелерді дереу шешуге бағытталған шараларды қолға алуды тапсырамын.

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған қылмыстың өңірде өршуі арнайы рейдтік шараны өткізуге себеп болған. Жыл басынан бері қалада 87 қылмыстық іс тіркеліпті. Осыдан 10 күн бұрын ғана колледж студентінің қолынан 15 жасар жеткіншек қаза тапты. Сондықтан жедел алдын алу шараларын күшейту орынды. Полицейлер нәтиженің бар екенін де айтады. Мәселен, соңғы екі күн ішінде кешкі 22:00-ден кейін көшеге шыққан 28 жасөспірім қолға түскен.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков