Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Президентімен кездесті

Шикізат қоры мол, тұрақты даму жолына түскен біз секілді мемлекетпен ынтымақтастықты арттыру өркениетті Швейцария үшін тиімді саналады. Елдің бизнес өкілдері қос тарапқа да табыс әкелер бірқатар жобасын ала келіпті.

Қазба байлығы да, қара алтыны да жоқ. 8 млн-нан асар-аспас халқы, 40 мың шаршы шақырымдай территориясы бар. Сөйте тұра Швейцария жаһандағы ең бай елдің бірі саналады. Тұрғындары әлемдегі қалталылардың көшін бастап тұр. Ішкі жалпы өнімі – әрбір швейцариялыққа шаққанда 80 мың доллар.

Ел Президентін Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық хаттамаға сай сән-салтанатпен Ақордада қарсы алды.

Ули Маурермен біздің Президент осы күзде Америкаға барған кезінде жеке кездескен еді. Сол жолы Қазақстанға арнайы сапармен келуге шақырған. Мемлекет басшысының сөзін жерге тастаған жоқ. Екі айға жетпей ресми сапармен келіп отыр. Бұл сапар Қазақстанның жаһан саясатындағы орны мен беделін байқатса керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Швейцарияны Еуропадағы ең маңызды әріптестерінің бірі санайды. Мемлекеттеріміз арасында барлық сала бойынша, әсіресе экономика бағытында тату ынтымақтастық орнаған. Швейцария – Қазақстан экономикасындағы маңызды инвесторлардың және негізгі сауда серіктестерінің бірі

Маурер Швейцария билігіне осы жылдың қаңтарында келді. Бірақ ол елді 2013 жылы да 12 ай басқарған болатын. Ал ол тұста Қасым-Жомарт Тоқаев Женевадағы БҰҰ бөлімінде қызмет етті. Демек, қос Президент – саясат сахнасында қатар келе жатқан сыралғы әріптестер.

Ули Маурер, Швейцария Президенті:

- Біз де Қазақстанды аса маңызды серіктес санаймыз. Қонақжайлылық танытқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біздің мақсат-мұраттарымыз ортақ. Экономикалық байланыстарымыз да қарқын алып келеді. Біздің келіссөздеріміз қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтады деп ойлаймын.

Швейцариялық банктер әлемнің түкпір-түкпірінен инвестиция тарту ісінде ширақ. Елдің өзі әлемдегі маңызды қаржы орталықтарының бірі саналады. Сондықтан қаржылық қызмет саласындағы ынтымақтастықтың да келешегі зор

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Астана» халықаралық қаржы орталығының Швейцарияның қаржы секторымен байланысының келешегі зор. Біз швейцариялық инвесторларға іргелес нарықтарға соңғы өнімді экспорттауға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорындар ашуға шақырамыз. Қызығушылық танытқан жобаларына жан-жақты жәрдем беруге дайынбыз

Швейцария – өнеркәсібі де, ауыл шаруашылығы да берекелі мемлекет. Ірі қара өсіру, сүт өнімдерін өңдеуде алдына қара салмайды. Сондықтан аграрлық саладағы қарым-қатынасымызды нығайта түсу тиімді.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бірлескен кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, қайта өңдеу жөнінде мәселелер қарастырылған. Ауыл шаруашылығында тығыз жұмыс істейміз. Қазірде селекциялық-генетикалық орталық ашу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Машина жасау, фармацевтика, металл өңдеу, химия, тамақ өнеркәсібі де бізбен салыстырғанда көш ілгері дамыған. Десе де Швейцарияның өнеркәсібі сырттан келетін шикізатқа тәуелді. Сондықтан конфедерация шикізат қоры мол елдермен әріптестікке мүдделі. Қазақстан сол санатта.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Біз Қазақстан тарапынан 103 тауардан тұратын тізімді тапсырдық. Бұл шикізаттық емес экспортты 500 млрд-қа арттыруға мүмкіндік береді.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Олардың транспорт-логистика саласындағы тәжірибесі өте жоғары. Жүк тасымалын керемет жолға қойған. Швейцариялық тарап бұл жолы екі елге де тиімді ұсыныстарымен келіпті. Жұмысты жалғастыратын боламыз.

Швейцария конфедерациясы – біздің экономикамызға ең көп қаржы салған үш елдің біреуі. Соңғы 15 жылда швейцариялық инвестиция көлемі 24 млрд доллардан асты. Өткен жылы 3 млрд доллардың тауарын алмасқанбыз. Сапалы сағаттарымен әйгілі Швейцария біздің Қазақстанды Орталық Азиядағы саяси һәм экономикалық серіктесі санайды.

Ули Маурер, Швейцария Президенті:

- Қазақстан – жас әрі қарқынды дамушы мемлекет. Швейцариямен салыстырғандағы сіздердің басты ерекшеліктеріңіз де осы. Себебі бізде халықтың қартаю процесі жүріп жатыр. Біз қарым-қатынасымызды дамытуда тауар алыс-берісіне ғана назар аудармай, білім алмасудағы іс-қимылымызды жандандырғымыз келеді. Біз үшін бірлескен кәсіпорындар құру, білім және жаңа технологиялармен алмасу барынша маңызды.

Швейцариялықтарда «халықтың мықтылығы мұқтаж адамдардың әл-ауқатымен өлшенеді» деген сөз бар. Ал біз «Мемлекеттің мықтылығы елдің әлеументтік қорғалу деңгейімен бағаланады» дейміз. Ұстанымдарымыз ұқсас. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келіссөздер кезінде Швейцария Президентімен ойымыз бір жерден шығып отырды», – деді. Ал Ули Маурер: «Өз үйімде жүргендей сезімдемін», – деді. Демек, мұндай атмосферада өткен келіссөздердің келешегі жаман болмаса керек.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов