Хабар телеарнасы

Ел өңірлерінен азаматтарды СҚО-ға көшіру жұмыстары жалғасып жатыр

Сондықтан аталған мәселені шешу үшін халық саны тығыз орналасқан аймақтардан тұрғындарды солтүстік өңірлерге көшіру жұмыстары жалғасын табуда. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы бұл жолы СҚО-да болып, осы бағытта атқарылып жатқан шаруалармен танысты.

Насыровтар жанұясы Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстанға биыл жазда қоныс аударды. Отағасы Руслан бірден жұмысқа орналасып, оларға жалпы аумағы 120 шаршы метр болатын жаңа баспана берілді. Енді келешекте өз ісін ашпақ жоспары бар.

Руслан Насыров, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

- Петропавл-Қарағанды аралығында жүк тасимын. Бір айдай жұмыс істеп, отбасымды алып келдім. Сонымен бәріміз осы жерде тұрып жатырмыз. Үй жақсы, рахмет! Үлкен қызым мектепке барып жатыр. Бәйтерек ауылындағы гимназияға бердік. Кішкентайымыз балабақшаға барады.

Бердібек Сапарбаев нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылған баспаналарды аралап көрді. Кейін жергілікті тұрғындармен де тілдесті.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Қанша дегенмен СҚО – шекарада тұрған облыс. «Ел боламын десең, шекараңды мықта» деп бекер айтпайды ғой. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы шекараны мықтаған. Біз енді соны әрі қарай жалғастырып, дамытуымыз керек. Шекарада тұратын елді мекендер мықты болу қажет. Бұл жерде халықтың санын көбейту орынды. Осы себепті қазір оңтүстік тұрғындарын солтүстік өңірлерге көшіріп жатырмыз.

Кездесу барысында халық ауылда жаңадан балабақша салу туралы тілегін жеткізді. Бұдан соң Үкіметтің жұмыс тобы Қызылжар ауданының активіне қатысты. Жиында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдаудың жаңа тәсілдері түсіндірілді. Сондықтан еңбек күші мол өңірлерден азаматтарды көшіру жұмыстары жалғасын табуда.Оның үстіне «Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту» бағдарламасы аясында 3 жылда оларға 2 мыңнан астам үй салынады. Қоныс аударғандардың алды осы жоба аясында баспана құрылысымен айналысып, көпке үлгі болып жүр.

Маржан Валеева, кәсіпкер:

- Оңтүстіктен көшіп келгенімізге 5-6 жыл уақыт өтті. 100% мемлекеттен қолдау көрудеміз. Кәсіпкерлікпен айланысамыз. Оның ішінде құрылыс та бар, егін де бар, мал шаруашылығы да бар. Бәрі адал еңбекпен келіп жатыр. Соның бәрі сауаттылықтың, жан-жақты еңбектің арқасында келді.

2050 жылға дейін Қазақстан халқының саны 25 млн-ға жетуі керек. Бұл бағдарлама саяси-экономикалық маңызға ие. Сондықтан жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев «Серпін» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарын бітіргендерді де сол өңірде жұмысқа орналастыруды міндеттеуді ескертті.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев