Хабар телеарнасы

«Бекзат» телехикаясы «Хабар» арнасынан көрсетіледі

Жасындай жарқылдап, тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимп шыңын бағындырған тұңғыш қазақ спортшысы жайлы туынды осы сенбіде сағат 16:00-де «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

Сидней Олимпиадасында жасындай жарқ еткен Бекзат Саттарханов жайлы телетуындының түсірілімі Алматы, Түркістан, Ыстамбұл қалаларында өткен. 2000 жылы жер жаһанға атой салып, 20 жыл күткен алтын медальді қазақ жұртына сыйлаған қайсар ұлды сериалда жас актер Самат Әзімқұлов сомдады. Ол бокспен бес-ақ жыл айналысып, Олимп шыңын бағындырған саңлақ спортшының рөлінде ойнау үлкен жауапкершілік екенін айтады.

Самат Әзімқұлов, актер:

- Бұл фильмге мен бала кезден келдім деймін. Себебі Бекзат ағаның рөлін сомдау менің бала күнгі арманым болатын. Образ жағына келетін болсақ, батыр, өжет, қарапайым, адамгершілікті болу. Ол енді Бекзат ағаның да бойындағы бар қасиеттер. Солардың бәрін режиссердің айтуы бойынша өзім 80-90% алып шықтым деп ойлаймын.

«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген телесериалда батыр ұлдың өмірінің үш кезеңі қамтылған. Балалық шағы, бозбала кезеңі мен өмірінің соңғы сәті. Телетуындының басым бөлігі Бекзат Саттархановтың туған жері Түркістан қаласында түсірілді.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Бекзат Саттархановтай саңлақ спортшымыздың қысқа да болса көпке үлгі ғибратты ғұмырын көрсеткіміз келді. Мұнда Бекзаттың спортта жеткен жетістіктері, сол 90-шы жылдардың аяғындағы ел өмірін, алғашқы жетістіктері, Олимп шыңын бағындырған сәтін көрсеткіміз келді. Келесі жылы Токио Олимпиадасы келе жатыр. Бұл біздің спортшыларымыздың намысын жандандырып, жігерін қайрайды деп ойаймын.

Аз ғұмырында көп естелік қалдырған азаматты халқы әлі күнге дейін дәріптейді. Ал 6 сериядан тұратын телехикая алдағы сенбі-жексенбі күндері сағат 16:00-де «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев