Хабар телеарнасы

Қарағанды жастары «Жас кәсіпкер» бағытында бизнес жобаларын таныстырды

Әуелде мұнда 65 студент оқыса, соның 12-сі алған білімдерін әрі қарай дамытып, түрлі бизнес жоба жасаған. Әзірге тек қағаз жүзіндегі идеялар сан-саланы қамтиды. Бірі қағаз пакеттер жасауды ұсынса, енді бірі балаларға арнап сұлулық салонын салмақшы. Киім тазалайтын мекеме, асхана, ақыл-ойды дамытатын студия ашуды жоспарлап отырғандар да бар. Бірақ өкінішке қарай, өндіріспен байланысты әрі инновациялық тың жобалар аз. Көпшілігі басын қатырмай бар дүниені дамытқысы келеді. Кездесуде кәсіби мамандар жастарға осы жағын ескеруді тапсырды. Айта кету керек, егер жоба өміршең болса, кейін қаржыландырылуы мүмкін.

Меруерт Қасымова, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Қатысқандар ақшалай сыйлық алмаса да, сертификат алады. Сол сертификат бойынша келесі жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы оқуға қатысып, грантқа ие бола алады. Грант көлемі – 505 мың. Ал егер идеялары мықты, инновациялық болса, әлеуметтік жағдайды шешетін жоба болса, ол ауылда, ауданда, шағын қалаларда болсын, 3 млн-ға дейінгі облыс әкімінің грантына қатыса алады.