Хабар телеарнасы

Депутаттар АӘК реформасын талқылады

Бұл мемлекеттің халыққа жұмыс ұсынып, жеңілдікпен несие беріп, еңбек етуге ынталандыруының арқасында мүмкін болған. Сөйтіп қазір 1 млн 650 мың жан АӘК алады. Осы саладағы реформа Мәжілістегі үкімет сағатында талқыланды.

Енді мемлекеттік жәрдемақы бөлек қарастырылады. Табыс есепке алынбайды. Бала саны көп бай-манап та, тақыр кедей де жәрдемақы алуға құқылы. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 балаға 42 мыңнан астам, 5 балаға 53 мыңнан артық, 6 балаға 64 мыңға жуық және 7 балалыларға 74 мыңнан көп жәрдемақы берілмек. 23 жасқа дейін жоғары оқу орнында оқып жүрген студентке де төленеді.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біздің есебіміз бойынша жаңа жылдан 347 мың көпбалалы отбасы АӘК-ке ие болады. Оның мөлшері де диференциалды түрде 42,5 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейін болады.

Ал АӘК тағайындау мерзімі 1 жылдан 3 айға қысқарды. Еңбекке қабілетті бола тұра отағасы жұмыстан бас тартса, көмектен де қағылады. Депутаттар оның мөлшері қалай есептелетінін егжей-тегжейлі сұрап білді.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ірі қара және ұсақ малдардан түсетін табыс есептеледі де, бірақ олардың шығыны аз мөлшерде, дұрыс есептелмейді. Айына қанша мөлшерде болады? Соны нақтылап айтсаңыздар.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Табыс пен шығынға байланысты біздің ережелерімізде бекітілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми зерттелген, нормативті ережесі бар.

Айта кетейік, көпбалалы отбасының жағдайы нашар болса, онда оларға қос көмек беріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 2020 жылы 31 183 теңге болады. 70% 21 800 теңге болса, табысы осыған жетпегендер қос көмекті де алады. Табысы аз отбасылар АӘК-ке қосымша әлеуметтік кепілдендірілген топтама беріледі.

Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кепілдендірілген әлеуметтік көмек шеңберінде аз қамтылған отбасыларға медициналық көмек қалай беріледі?

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мектеп жасындағы балаларға бір мезгілдік тегін ыстық тамақ, сондай-ақ мектептік форма мен құрал-жабдықтарын қамтамасыз ету, барып келу жол ақысын төлеу және стоматологиялық көмек көрсетіледі.

Елімізде 343 мың көпбалалы отбасы бар. Олар 1,5 млн бала тәрбиелеп отыр. АӘК, мемлекеттік жәрдемақы, кепілдендірілген көмекті төлеуге барлығы 2020 жылға 320 млрд теңге қарастырылған.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- АӘК-ті объективті тарату Мемлекет басшысының қадағалауында. Біз оның тиімділігін, іске асу жолдарын талқыладық.

Депутаттар заңның орындалуына бір айдан аз уақыт қалса да, түсініксіз тұстары көп екендігін айтып, халыққа тәптіштеп түсіндіруді талап етті.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айдос Меделбеков