Хабар телеарнасы

Қостанайлық кәсіпкер атқарған жұмысының ақысын ала алмай жүр

Ол орталық саябақтың кіре беріс бөлігін безендіру жұмысын 4 ай бұрын аяқтаған. Бірақ содан бері қолына көк тиын тимеген. Қазір белшесінен қарызға батқан кәсіпкер банкроттың сәл алдында тұр.

Мәлік Бұтабаев бұған дейін мемлекеттік тапсырыспен байланысқан емес. Тек жекеменшік компаниялармен жұмыс істеген. Өткен сәуір айында тендрге қатысып, орталық саябақтың қарсы бет бөлігін безендіру міндетін мойнына алады. Бірден 19,5 млн теңгеге қажетті материалдарды сатып алған. Ал бір аптадан соң тапсырыс беруші кенеттен келісімшартты бұзу жөнінде шешім шығарады.

Мәлік Бұтабаев, кәсіпкер:

- Келісімшартта «қызмет көрсету» дегеннің орнына «жұмыс» деп жазылып кеткен. Бұл – өздері жіберген техникалық қателік. Содан кейін келісімді бұзамыз деп қысым жасала бастады. Біз оған да көндік, тек кеткен шығынды өтесеңдер деген шартымызды айттық.

Бірақ әкімдік кәсіпкердің шығарған қаржысын қайтарған жоқ. Мердігер бастаған ісін аяқсыз қалдырмай жалғастыра берді. Тамыз айында нысан толық тапсырылғанымен, әлі күнге атқарылған жұмыс актісіне қол қойылмаған.

Мәлік Бұтабаев, кәсіпкер:

- Акт бойынша бәрін тапсырдым, олар қабылдамайды. Нақты келісімшартқа сәйкес тиісті мерзімінде әкімдік кеңсесіне апардым. Өз міндетімді орындадым.

Күзде сот тартысы басталды. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мемлекеттік сатып алуға қатысты келісімшартты бұзу жөнінде арыз түсірген. Ал кәсіпкер атқарылған жұмыс актісін дұрыс деп тану жөнінде қарсы талаппен шықты.

Зәуре Едікова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

- Әкімдіктің талабы қанағаттандырылған жоқ. Екінші тараптың атқарылған жұмыс актісі заңды деп танылды. Экономикалық соттың шешімімен келіспеген әкімдік өкілдері мен прокурор аппеляциялық шағым түсіріп, ол облыстық сотта қаралды. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысына сәйкес алғашқы шешім өзгеріссіз қалдырылды.

Сонымен әкімдіктің кәсіпкерге жалпы берешегі 80 млн теңгені құрайды. Оның 6 млн-ы жұмысшыларға еңбекақы қарызы екен.

Мәлік Бұтабаев, кәсіпкер:

- Оның сыртында материалдар үшін төлейтін қарызымыз көп. Егер сол компаниялар бізді сотқа бергенде, банкротқа ұшырайтын едік.

Мердігерге тиесілі қаржыны бере ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Әкімдіктегілер қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр. Ал Кәсіпкерлер палатасындағылардың айтуынша, мемлекеттік сатып алуда осындай түйткілдер аз емес.

Ренат Дәулетбаев, Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік сатып алуға қатысты кәсіпкерлерден түсетін шағым-талаптар, жыл ішіндегі арыздардың шамамен 15% құрайды.

Жыл басынан бері сотта мемлекеттік сатып алуға қатысты мыңнан астам  іс қаралған. Соның 430-ы кәсіпкерлер пайдасына шешілген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров