Хабар телеарнасы

Таразда ауыр жүк көліктері жолдарды бұзуда

Өңірде кен орындарында ғана жүруге рұқсат етілген көліктер облыс, аудан, қала көшелерімен емін-еркін қатынауда. Салдарынан жуырда ғана төселген асфальт жолдар әбден отырып, мүжіліп, ой-шұңқырлар пайда болған. Ал жергілікті маңыздағы жолдарда бақылау мүлдем жоқ. Мониторинг жасап, сараптама жүргізген мамандар: «Жолды жөндеуге жұмсалған мемлекеттің миллиондаған қаржысы желге ұшып жатыр», – деп дабыл қағып отыр.

Жолдағы жағдайды көру үшін «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығының мамандарымен бірге қала шетіне шықтық. Бір сағат күтіп, бақылап көрдік. Расында да инертті материал тиелген ауыр жүк көліктері еш кедергісіз бірінен кейін бірі жүріп жатты. Бұл тек бір сағатта түсірілген факт.

Бағдаршамға тоқтаған көліктер ыңыранып, орнынан әрең қозғалып барады. Мәселен, сыйымдылығы 30-40 тонналық көліктерге жүк толтырып жүруге мүлдем тыйым салынған. Олар тек қана кен орындарында немесе арнайы белгіленген жолдармен жүруі тиіс.

Ахметжан Бименов, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК инженері:

- ҚР Инвестиция және даму министрлігінің 26 наурызда шыққан №342 бұйрығы бойынша біздің автомобиль жолдарында 18 тоннадан, үш осьтікке 25 тоннадан артпау керек. Ал мына жолдарда ауыр жүк көліктері емін-еркін жүруде. Олар өзінің жүктеме салмағынан артық салмақты алып жүр.

Жол төсеген мердігерлер де олқылықты ауыр жүк көліктерінен көріп отыр. Жүргізушілер жүкті шамадан артық тиеп, әбден титықтатқан. Онсыз да жұқа асфальт аса ауыр салмақты көліктердің қатынауына есептелмеген көрінеді. «Ал оны бақылап, тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ. Соның кесірінен қыруар шығынға баттық», – дейді олар.

Алмас Әлімжанов, мердігер компания директорының орынбасары:

- Мәселен, мына жолды алатын болсақ, бұл жерде бульдозер жаңа салынған асфальттің үстімен бірнеше рет жүрген. Салдарынан жол мынандай жағдайға келеді де, жарамсыз болды. Мұны қайтіп жаңарту керекпіз. 50 млн-ға жуық шығын шықты.

«Жолдар тиісті деңгейде бақыланбай отыр» деген соң салаға жауапты мекеменің есігін қақтық. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері тұщымды жауап бермеді. Түсінгеніміз, бүкіл облыста 3 бекет жұмыс істейді. Жолдар күндіз-түні инспекторлардың бақылауында көрінеді. Алайда соңғы 2 айдың көлемінде осы мәселеге қатысты бірде-бір ереже бұзу дерегі тіркелмепті.

Темірлан Мұқышов, Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

- Қазір анықталмай жатыр. Артық жүкпен көліктер жүріп жатқан жоқ.

Сонда біз небәрі бір сағаттың ішінде түсіріп алған мына көліктер көлік болмағаны ма? Ал, 30-40 тонналық жүк көліктеріне қатысты сұраққа мекеме басшысы орынбасараның ым-ишарасы мүлдем түсініксіз.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә