Хабар телеарнасы

Рудный қаласында 50 отбасыға жаңа пәтердің кілті табыс етілді

Оның 30-ы – көпбалалы аналар.

Көпбалалы ана Гүлнәр Күрішбаева осыған дейін екі бөлмелі ескі үйді жалдап келген болатын. Үймелі-сүймелі 7 бала тозығы жетіп, сыз тартқан үйде жылу батареясының қасынан шықпайтын. Енді көптен күткен армандары орындалып, жаңа әрі жайлы үйге ие болып отыр.

Гүлнәр Күрішбаева, көпбалалы ана:

- Үлкен 3 бөлмелі үй алып жатырмын. Көп күттік. Балалар да қуанғаннан бірнеше рет хабарласты.

Айтулы мереке қарсаңында Рудный қаласында бірден 50 отбасы баспаналы болды. Олардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. 20 пәтер мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйі тәрбиеленушілеріне берілді. Әлеуметтік маңызға ие «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлердің саны жыл сайын артып келеді.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

- Бұл үйдің құрылысына 442 млн 600 мың теңге жұмсалды. Көлемі – 3 мың 900 шаршы метр. Осы жылы облысымызда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 330 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл өткен 2018 жылмен салыстырғанда 10% жоғары.

Рудныйдағы бұл шағын ауданда екі жылдың ішінде жалға берілетін екі көпқабатты үй салынды. Болашақта тағы 4 үй тұрғызылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг