Хабар телеарнасы

СҚО-ға 10 айда 170 млрд теңге инвестиция тартылды

Сан салада алға ілгерлеушілік бар. Еліміздің солтүстік қақпасы болып саналатын өңірге биылғы жылдың 10 айында 170 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

Мұнымен қоса осы жылы СҚО-да арнайы экономикалық аймақ құрылды. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларында да айтарлықтай жетістіктер бар.  

Солтүстік қазақстандық диқандар тың жерге түрен салып, дала төсінде ел ризығын жинаудан алда келеді. Облыс ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудан елімізде көш бастап тұр. Мәселен, биыл осы бағытқа 86 млрд теңге қаржы бағытталды. Егістік жерлерді әртараптандыру жұмыстары да жақсы нәтиже берді. Осының арқасында майлы дақылдар алқабы 1 млн гектарға ұлғайтылды. Бұл – еліміздегі жалпы алқаптың 35%. Сондай-ақ соңғы екі жылда аймақта сандық технологиямен жабдықталған 7 мал кешені пайдалануға берілді. Ірі қара өсірумен айналысамын дегендерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.

Біржан Шәймерденов, кәсіпкер:

- Мемлекеттен өте көп субсидия бөлінуде. Жан-жақтан көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, біз 195 млн теңге ақша алдық. Одан басқа малды асырау үшін әрбір мал басына 120 мың теңге береді. Қазақстан бойынша мұндай жеңілдік тек біздің облыста ғана бар. Ол – өте күшті көмек.

Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – арнайы экономикалық аймақтың құрылуы. Кешендерге инфрақұрылым тартуға Үкімет тарапынан 16 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Қазір көп жылдар бойы қаңырап, бос тұрған ғимараттар қайта жаңғыра бастады. Осылайша болашақта мұнда экспортқа бағытталатын өндіріс орындары ашылады. 3000 жаңа жұмыс орны құрылмақ. 25 жылдың ішінде мұнда 1,6 трлн теңгенің өнімін шығару жоспарланған. Айта кету қажет, бұл – Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы алғашқы аймақ.

Арман Оразғұлов, облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Омбыда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында ресейлік инвесторлар қызығушылық танытты. Себебі олар 25 жылға барлық салықтан босатылған. Біздің экономикамыздың негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Сондықтан тамақ өнімдерін өңдеуге аса мән беріп отырмыз. Бұдан бөлек аймақта электроника, құрылыс материалдары, машина жасау сынды өндіріс ошақтары құрылады. Қазір біз шетелдік бірнеше алпауыт компаниямен жұмыс жасауға келістік.

Денсаулық сақтау саласында да алға ілгерлеушілік бар. Мәселен, Петропавлда еліміз егемендік алғалы бірде-бір аурухана салынбаған. Мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің аясында биыл 500 орындық медициналық мекеменің құрылысы басталды. Жоба құны – 50 млрд теңге. Мұндай ошақ әзірге елорданы санамағанда, бірде-бір өңірде жоқ.

Тимур Сұлтанғазиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Петропавл қаласындағы ауруханалар өткен ғасырдың 50, 60, 70-жылдары салынған. Олар ескірген. Қаланың ішінде шашырап орналасқан. Бұл – жаңадан салынайын деп жатқан көпсалалы аурухана. Бұл жерде барлық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілетін болады.

Өңірде үш ауысымды және апатты мектептер түбегейлі жойылып, облыс орталығында биыл жаңа білім ордасы бой көтерді. Екіншісі келер айда пайдалануға беріледі. Тағы біреуінің құрылысы басталды. Бастысы, бұлардың барлығы – қазақ тілінде білім беретін ошақтар.

Жангелді Тәжин, ардагер ұстаз:

- Петропавл қаласы қазақ жері болса да, бір-ақ қазақ мектебі болды. Оның өзінде ауыл балалары оқитын. Қаланың қазақ балалары өз тілінен, өз дінінен ажырады. Олар ата-баба тарихын білмеді. Бұл мектеп тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өткір мәселе болатын. Сондықтан тәуелсіздіктің арқасында қазақ мектептері бүкіл қала ішінде салынып, қазақ балаларының мұқтажы өтелуде.

Облыс автомобиль жолдары ұзындығы бойынша елімізде үшінші орында. Биыл 676 шақырымды құрайтын жол жөнделді. Ал келер жылы бұл мақсатқа 38 млрд теңге қаржы жұмсалмақ.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев