Хабар телеарнасы

«Central Asia’s Got Talent» телешоуының жеңімпаздары анықталды

Бас жүлденің иегері мен жеңімпаздар анықталды. Жүлделі болғандардың қатарында жерлесіміз де бар. Сонымен кіл мықтының ішінде кімнің бағы жанды?

Бұл – финал. Ақтық сынға барлығы 12 қатысушы өтті. Екеуі Тәжікстаннан, үшеуі Қырғызстаннан, тағы үшеуі – Өзбекстан өкілі, қалған төртеуі – отандастарымыз. Бұл жерде шектеу жоқ. Ән айтсаңыз да, би билесеңіз де, болмаса акробатикалық нөмір орындасаңыз да, өз еркіңізде. Әйтеуір қалың көрерменді таңғалдырсаңыз болғаны. Таңғалдырды да! Финалистерді бөліп-жаруға келмейді. Бірінен бірі өткен.

Бұл нөмірі сегізінші болып сахнаға шыққан біздің елдің өкілі – Ғалымжан Әуесбай. Жерлесіміз орындықтарды қойып, оның үстіне сақтандыру белдігінсіз шықты. Мұндай нөмір әлемде бұрын-соңды жасалмаған екен.

Бірнеше айға созылып, 5 кезеңнен тұрған телешоудың финалы 3,5 сағатқа созылды. Жеңімпаздар көрерменнің дауыс беруі арқылы тікелей эфирде анықталды. Сонымен Қырғызстан елінен Айжан Нусувалиева, Тәжікстаннан Падида, Өзбекстаннан Далер Шавкатов және біздің елден Ғалымжан Әуесбай жүлдегер атанды. Әрқайсысына 3 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Ғалымжан Әуесбай, «Central Asia’s Got Talent» телешоуының жеңімпазы /Қазақстан/:

- Барлығы өте күшті болды. Көп рахмет, халқым! Қазақстан – әрдайым жеңімпаз! Қазақстан, алға!

Сонымен 4 мемлекеттің өкілдері қатысқан айтулы тележобаның бас жүлдесін Тәжікстан елінен келген Чоршанбе Аловатов жеңіп алды. Оған 10 млн теңгенің сертификаты берілді.

Чоршанбе Аловатов, Central Asia’s Got Talent телешоуының бас жүлде иегері /Тәжікстан/:

- Қуанышымда шек жоқ. Маған дауыс беріп, қолдағандары үшін Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстан халықтарына шексіз ризашылығымды білдіремін. Ата-анам да осында. Бұл – менің өмірімдегі ең биік белесім. Осындай жобаны ұйымдастырып отырған қазақ еліне мың алғыс!

«Central Asia’s Got Talent» – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан халықтарына ортақ жоба. Мұндай телешоуды Орталық Азияда ұйымдастыру бастамасын «Хабар» Агенттігі көтерген еді.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

- Бірнеше ай бойы өткен телешоу өз мәресіне жетті. Барлығы жоғары деңгейде болды. Осындай жобаны қолдағаны үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне алғыс білдіреміз. Енді телебайқау қалған елдерде де жалғасын табады деген сенімдеміз.

Атап өтейік, «Central Asia’s Got Talent» 2006 жылы Америкада пайда болған. Мұндай форматтағы телешоу əлемнің 70-тен астам елінде ұйымдастырылыпты. Соның бірі, міне, біздің елде де өтті.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ануар Тәуекелов