Хабар телеарнасы

Қырғызстан ұшқыштары Қазақстанда білімін жетілдіреді

Азаматтық авиация бойынша халықаралық ұйымның қойған талаптарының бірі ұшқыштарды заманға сай стандарттармен дайындау болып тұр. Қырғызстан тарапы осы мақсатта Қарағандыдағы авиация-жаттықтыру орталығын таңдады.

Еуроодақ Қырғызстанды қара тізімге енгізгеніне 13 жыл болды. Жергілікті авиация мамандары одан шығуға үнемі тырысса да, тек соңғы жылдары бұл бағытта ілгерілеу байқалып отыр. Еуропадағы қауіпсіздік стандартарына сәйкестендіру бойынша қойылған басты талаптың бірі – ұшқыштар дайындығы. Ұзақ уақыт таңдау жасаған қырғыз тарапы ақыры Қарағандыдағы авиациялық-жаттықтыру орталығына тоқтады.

Улан Курманов, Қырғыз авиациялық институтының директоры:

- Шетелдегі бірнеше оқу орнын қарастырдық. Атап айтқанда, Түркия, Балтық елдері, Ресей мен Қазақстан арасында таңдау жасалды. Бағасы мен сапасы және біздің жағдайымызға сәйкестігі жағынан Қазақстанға тоқталдық. Қарағандыда мемлекеттік тапсырыспен ұшқыштарды дайындайтын оқу орталығы бар. Бізде ондай мемлекеттік тапсырыс жоқ.

Соңғы 3 жылда Қарағандыдағы авиациялық-жаттықтыру орталығы Қырғызстан үшін 19 ұшқышты дайындап шығарды. Олардың көбі өз елінде жұмыс істейді. Төртеуі Ресейлік әуекомпаниялардан жұмыс тапқан. Биыл күзде Қырғызстан «қара тізімнен шығу» бағдарламасының 29 бабын орындағаны туралы Еуроодаққа есеп берді. Дегенмен келесі жылы да қырғыз әуекомпаниялары үшін Еуроодақ аспаны ашылмайтын түрі бар.

Алмаз Биймурзаев, Қырғызстан Азаматтық авиация агенттігі бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл мәселе ақырындап шешіле бастады. Көп жұмыс атқарылып, біраз жетістікке қол жеткіздік. Дегенмен әлі де олқылықтар бар. Оны білеміз және бұл бағытта еңбек етіп келеміз.

Авиациядағы түйткілді шешу үшін өткен жылы Қырғызстан үкіметі «ашық аспан» саясатын қабылдауды ұйғарды. Мұндағы басты мақсат – шетелдік әуе тасымалдаушылардың инвестицияларын осы салаға тарту. О баста жергілікті әуекомпаниялар бәсекеге шыдамайды деген күдік болды. Алайда Қырғыз әуе тасымалдаушылары өз ісін одан әрі жалғастыруда. Ал елде жаңа 4 әуе рейсі ашылды.

Авторы: Бакыт Чермашев