Хабар телеарнасы

Президенттік жастар кадрлық резервіне 300 қазақстандық өтті

Оған өткен 300 қазақстандықтың тізімі ресми түрде жарияланды. Ал жобаға қатысуға ниет білдіргендер саны 13 мыңнан астам болды. Яғни бір орынға 43 адам таласқан. Жеңімпаздар қатарында кімдер бар?

Президенттік кадрлық резерв. Оны жасау жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастама көтерген болатын.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Президент тапсырмасына сәйкес, ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұлттық комиссия өз отырысында эксперттік комиссия ұсынған кандидатураларды қарастырып, 300 жас кәсіби маманды таңдап алды. Олар алдағы жылдарда мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалады деп жоспарлануда.

Жобаның мақсаты – мемлекеттік билік жүйесінде білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру. Дамир Мусин – Президенттік жастар кадр резервіне енгендердің бірі. Талапты жігіт Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған. 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білімін жетілдіреді. Қазір жеке кәсіппен айналысады.

Дамир Мусин, жеке кәсіпкер:

- Әуелі өз еліме пайдамды тигізсем деп ойладым. Алған ілім-білімімді ел келешегіне арнап, халық игілігіне жаратқым келеді. Шетелде жүріп біраз тәжірибе жинадым. Ел дамуына сүбелі үлес қосып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздеймін.

Мамандар қыркүйек айында бастау алған жобаның талабы да барынша қарапайым болғанын айтады. Үміткер 35 жастан аспаған, жоғары білімі, 5 жылдық еңбек өтілі болуы шарт. Ал іріктеу келесі тәртіппен өткен.

Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Жобаларды көру секілді барлық кезең онлайн форматта өтті. Оны іріктеген сарапшылардың өздері де кімге баға қойып отырғанын білген жоқ. Өйткені есімдері арнайы кодпен белгіленіп тұрған.

Осылайша түрлі саланың «сен тұр, мен атайын» деген мықтылары іріктеп алынған. Енді Президенттік жастар кадр резервіндегі әрбір жеңімпаз үшін жеке мансаптық жоспар әзірленетін болады. Білімін жетілдіру де қарастырылған.

Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

- Резерв тізіміне енген әр азамат Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы және өзге де ұйымда оқып, біліктілігін арттыра алады. Біз басқару, бизнес, стратегия, экономика, интеллект тақырыптарында тренингтік пакет жасадық. Ал тренер ретінде халықаралық деңгейде тәжірибесі бар сарапшылар таңдалды.

Айта кетейік, жоба жеңімпаздары және оған қатысты өзге де ақпараттар Pkrezerv.kz сайтында қолжетімді.

Осы Президенттік жастар кадрлық резервіне енген 300 үміткердің 106-сы жеке сектор, 98-і квазимемлекеттік сектор өкілі, ал 96-сы мемлекеттік қызметкер екен. 57% шетелдік білімі бар, ал 43% – қазақстандық ЖОО түлектері. Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31. Тізімге енгендердің 13-і Нұр-Сұлтан, 46-сы Алматы, 5-еуі Шымкент қаласының тұрғыны болды. Резервке еліміздің барлық өңірі арасынан жастар кірді. Аймақтар арасынан Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстары көш бастап тұр.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Жандос Сұлтанғазы