Хабар телеарнасы

Ұлттық кеңестің отырысына байланысты Данияр Әшімбаев пікір білдірді

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев осындай пікір білдірді. Сарапшының айтуынша тың бастамалар қоғамдық ұйымдар мен қарапайым азаматтардың елдің саяси өміріне етене араласуына мүмкіндік береді. Енді митингтерді ұйымдастыруда ескерту қағидаты енгізілетін болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Митинг өткізу тек өз құқығын білдіру емес, сондай-ақ жауапкершілік екенін де түсінген абзал», – деді.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы ҰҚСК мүшесі:

- Бір жағынан азаматтарға митинг, шеру арқылы өз ойын еркін білдіруге мүмкіндік берген жөн. Екінші жағынан, оның барлығы белгілі бір құқықтық шеңбердің аясында өтуі тиіс. Оларды өткізетін арнайы орын бөлу қажет. Бірақ ол қаланың шетінде емес, орталығына жақын болуы қажет. Ал ең бастысы ондай іс-шаралар өзге адамдардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу керек.

Қайрат Жолдыбай, дінтанушы, ҚР Президенті жанындағы ҰҚСК мүшесі:

- Кез келген бейбіт митинг өзінің үнін билікке, тиісті орындарға жеткізіп жатса, бұл бүкіл демократиялық қоғамда қабылданған жақсы үрдіс болатын еді. Бірақ бұл митингті басқа бір теріс, арандатушы бағытта қолдануға болмайды. Ол заң шеңберінде қарастырылады деп ойлаймын.