Хабар телеарнасы

Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытындағы ақылы жолға фотокамералар орнатылды

Осы арқылы заңбұзушыға айыппұл жолданады. Қондырғылардың бірі Щучинск қаласының тұсында болса, екіншісі Бұланды ауданының аумағына қойылған. Мақсат – жол апатының алдын алу. Жалпы Ақмола облысында жыл басынан бері 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың 29-ы Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытындағы ақылы жолда болған. Нәтижесінде 33 адам ауыр жарақат алып, 7 азамат ажал құшты. «Қайғылы жағдайларға жүргізушілердің өздері кінәлі», – дейді полицейлер.

Аслан Қызбикенов, облыстық Полиция басқармасының бастығы:

- Біздегі ең негізгі проблема – жылдамдықты асыру. Белгіленген жылдамдықты сақтамау өте қиын жағдайларға алып келеді. Мәселен, Щучинск – Нұр-Сұлтан тасжолында бір апаттан 3-4 адам көз жұмған оқиғалар болды. Бұл – айдың-күннің аманында болған апаттар. Ал боранды күндері немесе көктайғақ болған кезде ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ.