Хабар телеарнасы

СҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы автомектеп ашылды

Өңір археологтары Ш.Уәлиханов ауданының аумағынан бірнеше көне кесене тапты.

Сәлімхан Сәбитов Жастар жылында басты арманын жүзеге асырды. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы автомектепті Петропавл қаласында ашты. Нәтижесінде бүгінде тірек-қимыл аппараты зақымданған солтүстікқазақстандықтар бойларындағы үрейлерін жеңіп, көлік тізгіндей бастады. Енді Сәлімхан 2020 жылы еліміздің тағы үш қаласында осы жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. «Себебі өзге өңірлерден хабарласып жатқан жандар өте көп», – дейді ол.

Сәлімхан Сәбитов, кәсіпкер:

- Сау адамдар сияқты олар да «өз көлігімді жүргізсем екен» деп армандайды. Солардың армандары осы автомектеп арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнде 17 адам жеке жүргізуші куәлігін алып отыр. Олар күн сайын өздері хабарласып, алғысын айтып отырады. Бұл үлкен нәтиже деп санаймын. Себебі Қазақстанның әр шетінен хабарласып жатыр.

Биылғы көктем солтүстікқазақстандықтарды тағы да әбігерге салды. Сілеті су қоймасынан мөлшерден көп су бөлініп, Қаратал және Қулыкөл ауылдарына қауіп төндірді. Бәйтерек ауылы тіпті жарықсыз қалған еді. Осыған байланысты арнайы штаб құрылып, облыстың барлық күш құрылымы мен техникасы осы елді мекендерге жіберілді. Мамандар бірнеше ауылды күні-түні қоршайтын бөгеттер тұрғызды. Уақытылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үйлерге су кірген жоқ. Жолдар шайылып, байланыс үзілген соң әйелдер мен балалар тікұшақпен эвакуацияланды.

Ал жаз айларында Солтүстік Қазақстанның тұмса табиғатын тамашалауға келген туристердің қарасы қалың болды. Себебі Айыртау ауданындағы Шалқар мен Имантау курортық аймағы Қазақстанның үздік ондығына еніп, осы саланы дамыту үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Енді 5 жыл ішінде бұл бағытқа 23 млрд теңге инвестиция құйылмақ.

Қанат Шамсутдинов, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша туристердің саны 12,2% артып, ол 117 мың адамға жетті. Ал шетелден келгендері сәйкес мерзіммен салыстырғанда 33,9% көп. Олардың басым бөлігі Ресей Федерациясынан екенін айта кету қажет. Бұдан бөлек Өзбекстан, Қытай тіпті АҚШ-тан келгендері де болды.

Ал жылдың күз мезгілі өңірдің археологтары үшін олжалы болды. Олар Ш.Уәлиханов ауданында ХIV-XV ғасырларда, яғни Алтын Орда кезеңінде тұрғызылған 7 бірдей көне кесененің бетін ашты. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл Жошы ханның ұрпақтары тұрған тұрақ болуы мүмкін. Қазба жұмыстары кезінде алтыннан құйылған әшекей бұйымдар, еңбек құралдары және кірпіш күйдіретін пеш табылды. Жәдігерлер 700 жылдан астам уақыт жер астында жатса да, жақсы сақталған.

Анатолий Плешаков, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Бұл – біздің облысымызда табылған алғашқы кесене. Бір аңғарғанымыз: ол кезде қолөнер мен құрылыс мықтап дамыған екен. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты қазба жұмыстарын тоқтаттық. Ал алда талай қызықты жаңалықтар болады деп ойлаймын.

Бүгінде тарихи тұрақ табылған орынға күзет қойылды. Енді, сәтін салса, археологтар келер жылы мамыр айында қазба жұмыстарын жалғастыратын болады. Бұл – «болашақта тарихтың жаңа беттері ашылады» деген сөз.

Авторы: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев