Хабар телеарнасы

«Topjarǵan» ән байқауының ІІ кезеңі қорытындыланды

Ресей, Қырғызстан, Грузия өнерпаздары қазақ сахнасында өнер көрсетіп, бақтарын сынады.

Бұл жолғы «Topjarǵan» бұрынғыдан өзгерек. Қатысушылардың барлығы – үлкен-үлкен байқаулардың жеңімпаздары. Халықаралық деңгейдегі жобаның 4 финалисі анықталды. Олар: Сангина Шәріпова, Кенжебек Нұрдолдай, Мәди Сыздықов және қырғызстандық әнші Салтанат Аширова.

Көрермен көзайымына айналған жобада Мәди Сыздықовтың бағы жанды. Абай өлеңдерін бойтұмар ретінде ұстайтын өнерпаз қазылар алқасын тәнті етуден жалықпаған. Міне, ақтық сында туған жеріне арнаған төл туындысының тұсауын кесті.

Ал жеңімпазға «Хабар» Агенттігі айрықша тарту әзірледі.

Мәди Сыздықов, «Topjarǵan» байқауының жеңімпазы:

- Қытайда ірі жоба ұйымдастырылмақ. Соған жолдама алдым. Ол – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақ халқының намысын жібермеуге тырысамын. Бәрі өз қолымда.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

- Бұл – Азия-Тынық мұхиты елдерінің ең үздік әншілері өнер көрсететін бәйге. Ауқымы кең. Демек, «Topjarǵan» байқауының жеңімпазына үлкен жауапкершілік артылады. «Хабар» Агенттігінің көрерменіне дайындаған кезекті тартуын күтіңіздер.

Роза Рымбаева, Дастан Оразбеков және Baller-дің әділ әрі қатал қазылығы осылайша қазақ сахнасындағы жаңа есімдердің жұлдызын жақты.

Авторлары: Риат Шони, Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов