+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Жастар жылында 9,5 мың жас бизнес грантын иеленді

  • Категория: Сюжеттер
Biznes granttary Biznes granttary

Жастардың игілігі үшін жанданған жоба көп.

Әсіресе Жастар жылында жас буын мемлекеттің қамқорлығын айрықша сезінді. Шынайы тың идеялар мен бастамалар жүзеге асырылып, талай жеңілдетілген субсидиялау, кепілдендіру бойынша несие алып, кәсібін дөңгелетті.

Елдің оңтүстігінен 10 жыл бұрын көшіп келген Гауһар Есіргеп 21 жасында бизнес ашты. Медицина саласында оқу оқығанымен, елімізде балабақша тапшылығы мәселесін білетін ол ғимаратты жалға алды.

Бүгінде үш балабақшасы бар, біреуі – жартылай мемлекеттік. Оларда 100-ден астам балақай тәрбиеленуде. Жас кәсіпкер Гауһар «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының игілігін көріпті.

Гауһар Есіркеп, жас кәсіпкер:

- Бизнес жоспарымды алып «Даму» қорына ұсындым. 50 млн тұратын осы ғимаратты сатып алдық. 8% даму төлейді, 8% өзім төлеймін. Бір жыл өтті, енді 3 жылымыз бар. Бұл – жас кәсіпкерлер үшін ең жақсы көмек.

Жастар жылының жақсылығын көргендер көп. Ел бойынша 2,5 мың жас кәсіпкер өз бизнесін дамытуға микрокредит алса, көпшілігі тегін грант иеленген. Солардың бірі – Оксана Яркова.

Оксана Яркова, жас кәсіпкер:

- Биылғы жыл біз үшін жаңалықтар мен жақсылықтардың жылы болды. Мен кәсіпкерліктің қырын үйрендім, содан соң грант иелендім. Жеңілдетілген кредит те алдым. Жабдықтар сатып алып, балалар киімін тігетін цех аштым.

Мемлекеттік қызметкер болсын, кәсіпкер болсын, жалпы жас буынның талап-тілегін ескеріп, жаңа кешенді бағдарлама әзірленетін болды. Президенттің өзі осындай тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа бағдарлама арқылы жастарға сапалы білім беру, жұмысқа тұру, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тетіктері ұсынылуы керек. Жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалуы қажет. Құжатта жас буынға арналған тиімді әрі ашық әлеуметтік мүмкіндіктер көрсетілуі керек. Үкімет келесі жылы осы бағдарламаны дайындап, оның негізінде 2021 жылы заң жобасын әзірлеуі қажет.

Жастар жылында «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын жүзеге асыру басталды. Аталған жобалар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

172 мың жас жұмысқа орналастырылса, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың жас маман оқытылды. 9,5 мың жас жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алды. 2,5 мың жас кәсіпкерге өз ісін дамыту үшін шағын несие берілді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 1000-ға жуық жасқа несие берілген.

Нұрсұлтан Абдолла, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры:

- Кәсібін енді ашып жатқан 1000-ға жуық жасқа 12 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 8 млрд теңгесі – кепіл қаржысы. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша былтыр елімізде 2300-ге жуық жобаны 130 млрд теңгеге субсидиялау туралы келісімдерге қол қойылды. Кепілдендіру бойынша 6,5 мың жобаға 252 млрд теңге бөлінсе, оның 101 млрд – теңгесі кепілдік қаражаты. Енді Президент тапсырмасымен «Бизнестің жол картасы 2025» жаңа бағдарламасы әзірленбек.

Жастар жылы Елбасының бастамасымен қолға алынғаны баршаға мәлім. Басты мақсат – жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың көп іске белсене араласуына жағдай жасау. «Мемлекеттің қамқорлығын ерекше сезіндік», – дейді кәсіпкерлер.

Гауһар Есіркеп, жас кәсіпкер:

- 2019 жылы Жастар жылында көп көмек алдым. Жас мамандар Италияғабарып, тәжірибемізді арттырып келдік. Енді келесі жылы Германияға бармақшымыз.

Жастар саясатын қаржыландыру көлемі 40 есеге өсті.Ал биыл Волонтерлар жылы болып жарияланып отыр. Ал іс жүзінде ол қоғам ресурсы мен жасампаз идеяға сүйенетін жастардың бастамаларын да орындауға бағытталмақ.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин

Похожие материалы (по тегу)