Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінде жеңіл көлік өрттері жиілеп кетті

Статистикаға келсек, 2 жыл бұрын 124 оқиға тіркелген. Ал былтыр 115 темір тұлпар отқа ораныпты. Биыл бірнеше күнде 4 автокөліктің электр сымы тұйықталып, өрт шыққан.

Жазатайым жағдайлардың алдын алу үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әлеуметтік тәжірибе ұйымдастырды. Шартты сценарий бойынша жеңіл көліктің алдыңғы бөлігі жанып кетеді. Жүргізуші болса жолдың бойына шығып, көмек сұрайды. Нәтижесінде оқыс жағдайға тап болған көлік иесіне бірнеше тұрғын тоқтап, өртсөндіргіш құралдарын ұсынған. Сондай-ақ 101 желісіне 12 қоңырау түскен. Сала мамандары павлодарлықтар қиын жағдайда көмек қолын созуға дайын деген байламға келді.

Иван Пасхар, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Осындай жағдай басымнан өткен. Сондықтан ойланбастан тоқтадым. Сол сәтте маған бірнеше адам көмектесті. Содан бері қауіпсіздік ережелерін сақтауға мұқият қараймын.

Әсем Әбылқасова, ТЖД басқармасының бас маманы:

- 30 минуттың ішінде төрт көлік жүргізушісі тоқтады. Үшеуінде өрт сөндіру құралдары бар. Ал тағы бір азаматтың өрт сөндіргіші жоқ болып шықты. Көлік иелеріне қайғылы жағдайға душар болмас үшін қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береміз.