Хабар телеарнасы

Ұшақ апаты: Fokker-100 ұшағына мұз қатуы мүмкін

Үкіметтік комиссия жүргізген тергеудің алдын ала болжамдарын мәлімдеді. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, жұмыс барысында ұшақтың құлауына себеп болуы мүмкін 4 нұсқа негізге алынды.

Ұшақ апаты болғаннан кейін 15 күн өтті. Үкіметтік комиссия уәде еткендей қаңтардың 10-ы күні алдын ала қорытындыларын айтты. Әуе кемесінің құлауына себеп болар 4 нұсқа негізге алынды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Біріншісі – коммерциялық жүкті артудың бұзылуы. Екіншісі – сыртқы факторлардың әсер етуі. Ол ауа райының қолайсыздығы, ілеспе жолдың кедергі болуы және мұз қату. Үшіншісі – экипаждың қателігі. Соңғысы – ұшақтың техникалық ақауы. Комиссия жүк артуда ешқандай қателіктің болмағанын анықтады. Ал ауа райына келер болсақ, ұшу-қону жолағында жел қатты болмаған. 110 секунд бұрын басқа әуе кемесі көкке көтерілді. Оның артынан қалған ілеспе жол 50 метрге сол жаққа жылжыды. Сондықтан оның еш әсері болған жоқ.

«Ұшақтың құлауына болған басты себеп – әуе кемесіне мұз қатуы мүмкін», – деді Роман Скляр.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ұшақ техникалық жағынан толығымен дайындалды. Комиссияның айтуынша, әуе кемесі мұзға қарсы сұйықтықпен толық өңделмеген. Командирдің шешімі бойынша тек стабилизатор ғана өңделді. Желтоқсанның 27-сі күні сағат 1:00-мен 7:000 аралығында 5 ұшаққа мұзға қарсы сұйықтық пайдаланылған. Ал тағы бесеуі өңделмеген. Сағат 5:30-да ұшқан Bek Air-дің дәл осындай ұшағы да арнайы сұйықтықпен өңделмегені анықталды. Қазір комиссия оны да зерттеп жатыр.

Әуе кемесінің толыққанды мұзға қарсы сұйықтықпен өңделмегенін YouTube желісіндегі арналардың біріне берген сұхбатында Bek Air басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың өзі де айтқан болатын. «Бірақ ұшаққа мұз қату мүмкін емес», – деді.

Нұрлан Жұмасұлтанов, Bek Air әуе компаниясының басшысы:

- Ол күні мұз қататындай ауа райы болған жоқ. Дегенмен, ұшақтың стабилизаторы өңделді. Оның үстіне әуе кемесінде мұз қатуға қарсы өзінің де тиісті құралдары қосылған. Қара жәшік олардың істен шыққанын жазбаған. Яғни ақау болған жоқ.

Fokker-100 ұшағы екі күн рейске шықпай Алматы халықаралық әуежайында техникалық тексерістен өткен болатын. Сол уақытта ауа райы да өзгергендігін Премьер-Министрдің орынбасары тілге тиек етті. Ал мемлекетаралық авиациялық комитеті бұл апаттың 2007 жылы Францияда болғанымен салыстырды.

Виктор Сороченко, Мемлекетаралық авиациялық комитетінің бас директоры:

- Францияның тергеу бюросы 2007 жылы Fokker-100 ұшағының апатына мұз қату себеп болғанын анықтады. Қазір біз Францияның жауапты органдарынан тергеу материалдарын сұрастырдық. Кейін сараптама жасайтын боламыз. Нәтижесі шыққаннан кейін екі оқиғаны салыстырып, тиісті қорытынды шығарамыз.

Брифинг барысында ұшу-қону жолағына жақын салынған нысандар жайлы да айтылды. Роман Склярдың айтуынша, тексеріс барысында бірқатар былықтың беті ашылған.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Талғар ауданында заңсыз жер учаскесін беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 2015-2019 жылдары аудандық әкімдіктің лауазымды тұлғалары өздерінің қызметтерін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық-қорғау аумағында жеке шаруашылыққа және тұрғын үй салуға деп жер беру бойынша заңсыз шешімдер шығарғандығы анықталды. Нысандарды тұрғызу үшін әуежайдан 4 шақырым қашықтықтағы алшақтық пен әуежай комиссиясының келісімі болуы керек. Бірақ бұлардың бірі де жоқ.

Тергеу барысында кінәлі жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту жағы қарастырылады. Ал апаттың нақты неден болғанын анықтау үшін комиссия жұмысы бір жылға дейін созылуы мүмкін.

Авторлары: Риат Шони, Болотбек Табалдиев