Хабар телеарнасы

Сеулде баланы қағып кеткен қазақстандық бас бостандығынан айырылды

Баланың ата-анасы сотталушыны кешірмеді. Айтуларынша, емге 60 млн-нан аса вон жұмсаған. Бұл – шамамен 50 мың доллар. Сондай-ақ баласына күтім жасау үшін ата-анасы жұмысын тастаған. Жол апаты былтыр 16 қыркүйекте болған. Кореяда заңсыз жүрген және жүргізу куәлігінсіз көлік айдаған қазақстандық апат орнынан кетіп қалып, елден ұшып шыққан. Оның адвокатының айтуынша, бала жолды рұқсат етілмеген жерден өткен. Ал сотталушы көлікті тоқтатып, балаға көмек көрсетіліп жатқанына көзі жеткен соң ғана жүріп кеткен.

Чой Хак Се, сотталушының адвокаты:

- Біз аппеляцияға беріп, жәбірленуші жақпен келісуге ниеттіміз. Бәлкім, баланың денсаулығы қалпына келсе, ата-анасы өз шешімін өзгертер. Қорғалушым жәбірленушінің емге жұмсаған шығынын өтей алмайды. Өйткені бұл – өзгені айтпағанда, Корея азаматтары үшін де қомақты қаржы.