Хабар телеарнасы

Кәсіпкер мен тұрғындар арасындағы жер дауына Мәжіліс депутаты қатысты

Олардың айтуынша, кәсіпкер олардың тұрып жатқан жерлерін заңсыз тартып алып, жеке мақсатына пайдаланбақ. Мәселенің түйінін тарқатуға Мәжіліс депутаты да араласты.

Байқоңыр ауданындағы Қамысты көшесінде тура 12 жыл бұрын 42 тұрғын үй болған екен. Кейін жергілікті әкімдіктен бір кәсіпкер рұқсат алып, үйлердің барлығын сүріп, құрылыс жұмыстарын жүргізбек болған. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде нысан аяқсыз қалған. Кейін бұл маңда ешбір жұмыстар жүргізілмепті. Жергілікті тұрғындар әкімдікке наразы. Әкімдік пен жеке кәсіпкердің бұл маңға аяқ баспағаны көрініп тұр. Тіпті қақпағы ашық құдықтар да бар.

Базынасын арқалаған Кирпичный тұрғын үй алабы тұрғындарының бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Себебі 42 тұрғын үйді сүріп, тұрғындарын көшіргеннен кейін кәсіпкер өзге баспаналарды да бұзбақ болыпты. Рұқсатты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі берген көрінеді. «Мұндай әрекет заңсыз, себебі барлығын растайтын құжаттар қолымызда» – дейді тұрғындар.

Қарлығаш Набиуллина, қала тұрғыны:

- Ол: «Сендер Ильинкаға ешбір өтемақысыз көшесіңдер немесе мен үйлеріңді судың астында қалдырамын», – деді. Анау маңға 3 метрге дейін жететін үйінді жасады. Кесірінен көктемде бұл маңды су басатын болды. 2007 жылы әкімдік бұл кәсіпкерге 4 гектар жер беріпті. Бұл – осы тұрғын үйлер алқабы тұрған аумақ. Біздің қолымызда баспанаға деген құжаттарымыз бар. Сонда әкімдік қалайша біздің заңды жерімізді біреуге бере салған? Жергілікті биліктен жөнді жауап та жоқ.

Идия Акопян, қала тұрғыны:

- 2017 жылы сот орындаушысы трактор және КамАЗ маркалы жүк көлігімен келіп: «Маған заттарыңды артып, көш», – деді. Қолымда барлық құжатым бар. «Мен неге үйімді тастап кетуім керекпін?» дегенге: «Бұл жерді заңсыз иемденгенсің», – деді. Кейін соттастық. 200 мың теңгеге адвокат жалдап шығындалдым. Мен бұл үйде бұрыннан тұрып келе жатқанымды дәлелдеп шықтым.

Халықты бұлай дүрліктірудің заңдылығына депутаттар да күмән келтіруде. Халық қалаулысы Екатерина Никитинская: «Кәсіпкер тұрғындарға ешбір талап қоя алмайды», – дейді.

Екатерина Никитинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кәсіпкер бұл маңда тұрып жатқан тұрғындарға өз қаржыларына көшуді талап еткен. Тіпті ешқандай өтемақы бермейтіндігін жеткізіпті. Мен депутат ретінде біздің елде бұлай жасалмайтынын ескертемін. Егер мемлекеттік пайдалануға қажетті жер телімін босату керек болса, онда өтемақы төленіп, тұрғындардың үйлері, өзге нысандары сатып алынуы тиіс.

Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы «Кәсіпкердің әрекеті заңсыз» деген сыңай танытты. «Кәсіпкер тиісті құрылыс жұмыстарын жасау үшін қолында құжаты бар тұрғындармен келісімге отыруы қажет», – дейді жергілікті билік.

Анзор Абаев, Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Кәсіпкерге берілген жер аумағында заңды түрде салынған үйлер мен құжаттары жоқ баспаналар да бар. Бұл жердің 1 гектар 2 сотығын ол игеру керек. Ол аумақта бас жоспар бойынша авто жуу мен жанар-жағармай бекеті болу қажет. Бірақ кәсіпкер құжаты бар тұрғындармен тиісті келісім жасасып, құрылыс жұмыстарын жалғастыру керек. Дегенмен, ол келісім әзірге жоқ. Сол себепті оның нысан тұрғызуға құқығы жоқ.

Тұрғындар дауласып жүрген кәсіпкер Александр Пацукевич екен. Айтуынша, әкімдік берген жерде бұрын расымен құжаты жоқ тұрғындар болған. Бизнесмен оларды өз қаржысына көшіріпті. Енді құрылысты жалғастырайын десе, «Өзге баспана иелері кедергі келтіруде», – дейді.

Александр Пацукевич, кәсіпкер:

- Маған берілген аумақта құжаты жоқтар да, барлар да болды. Қазір үйлердің заңды иелері «өз аумақтарын кеңейтеміз» деп, маған берілген жерге кіріп кеткен. Яғни бұл – заңсыз әрекет. Олармен соттастық. Мен тұрғындарға өтемақы төлеп, олардан құрылысыма қажетті жерді алуды ұсындым. Олардың сұраған қаржысы тым жоғары. Мен онымен келіспеймін. Заңды түрде сатып алудың басқа амалдарын қарастыратын боламыз. Кейбір заңды иелерімен бір байламға келгенбіз.

12 жыл бойы күрмеуі тарқамай келе жатқан күрделі мәселені шешуге құзырлы органдарда атсалысуға енді ниеттенді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін анықтамақ.

Нұрболат Келімжанов, қала тұрғыны:

- Біз Кирпичный тұрғын үй алабында 2004 жылы баспана салып, 2007-ші жылға дейін тұрдық. Барлық коммуналдық төлемді жасап жүрдік. Кейін орталық базар салу үшін бізді көшіру мәселесі тұрды. Инвесторды тауып, Ильинкаға қоныс аудартты. Бірақ ол үйді салып берген жоқ. Барлығын өзіміз жасадық. Құжаттарды да бермеді. Барлығына ақша сұрады. Тіпті мемлекеттік жерлерді өз пайдасы үшін сатып та жатты.

Азамат Байшолақов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі:

- Бұл мәселенің анық қанығына жету үшін жұмыс тобын құру керек секілді. Оның құрамына Экономикалық тергеулер департаментінің, Ішкі істер органдарының мамандары мен қоғам өкілдерін енгізу қажет. Дөп басып айта алмаймын. Бірақ бұл жерде алаяқтық дерегі бар секілді. Дегенмен, барлығын зерттеп, тергеп ақиқатын анықтау керек.

Енді тұрғындар «Мазаларын қашырған мәселе әрі қарай созылмай, биыл шешімін табады» деген сенімде.

Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков, Сұлтан Қалдыбек