Хабар телеарнасы

Н.Назарбаев: Nur Otan партиясы халықтың тілек-өтінішін дер кезінде орындауы қажет

«Бұл – саяси ұйым мен барлық деңгейдегі депутаттардың міндеті. Бұл – біздің жалпы борышымыз», – деп нақтылады Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек Елбасы экономикалық өсімді қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, Парламенттің рөлін арттыру керектігін айтты. Елбасының айтуынша, Үкіметті қалыптастыруда Парламент басты рөл атқаруы тиіс және заңдар мен бағдарламаларды бірге қабылдап, халыққа жауап беруі тиіс. Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин еліміздің Тұңғыш Президентіне партия фракциясына берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде, депутаттардың өңірлерге жасаған сапары жайында мәлімет беріп, төменгі палатаның жұмысын баяндады.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Биылғы 5 қаңтардан бастап барлық депутат, оның ішінде партия фракциясының мүшелері, барлық аймақты, шалғай елді мекендерді аралап келді. Парламент мүшелері халықпен 1500-ден аса кездесу өткізді. Әлеуметтік көмектің жаңа үлгісі, Денсаулық сақтау туралы Кодекс, жұртшылықты жұмыспен қамту жайында халыққа кеңінен мәлімет берілді. Халықтың тілек-өтініші алдағы уақытта заң қарау кезінде ескерілетін болады. Былтырғы қыркүйек айынан бастап Мәжіліс ұзын-ырғасы 97 заң жобасын қарауға алды. Оның 37-сі мақұлданып, Сенатқа жолданды.