Хабар телеарнасы

Абай мұралары радио арқылы насихатталуда

Ол ұлы тұлға туралы жазылған шығарманы оқу үшін көп уақыт дайындалыпты.

Оның күмбірлеген қоңыр дауысы радиотыңдаушыларға жақсы таныс. Осыдан 8 жыл бұрын «Қазақ радиосында» Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының радиосериялары беріле бастады. Күн сайын 30 минут шығармадан үзінділер оқылды. Соның барлығы тыңдаушыға Аманжан Еңсебаевтың дауысымен жетті. Бұл елеулі еңбекті музыкамен көркемдеген Советхан Қоңырбаевтың да еңбегі зор.

Аманжан Еңсебаев, «Қазақ радиосының» дикторы:

- Мен шын айтайын, жүрексіндім. Өйткені Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» арқылы бір дәуірді суреттеді, қазақтың ұлттық мінезін көрсетті, ұлт болмысын суреттеді. Осыларды шынайы жеткізе білу – тыңдаушының алдындағы жауапкершілік. Бұл менің мойнымдағы үлкен дүние болды.

Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін әр жылдары Кененбай Қожабеков, Кәукен Кенжетаев, Омархан Қалмырзаев, Әнуарбек Байжанбаев, Райымбек Сейітметов сынды өнер майталмандары оқыған. Аманжан Еңсебаев: «Сол нұсқаларды тыңдап шығып, оқу мәнеріне тереңірек үңілдім», – дейді. Олардың дауысы бүгінде алтын қорда сақтаулы. Романның толық аудиожазбасының жасалғаны бүгінде кейінгі ұрпақ үшін өте қажет. «Дегенмен мұнымен шектелмеу керек», – дейді радио мамандары.

Аманжан Еңсебаев, «Қазақ радиосының» дикторы:

-Біз Абайды әлі танып болмадық. Ұлы ақын жайында арнайы бағдарлама ашу керек. Ол бағдарлама Абайдың бар жазғанына, қарасөздеріне, оның мағынасына, ойының астарында не бар екендігіне арналуы қажет.

Радио ардагері Аманжан Еңсебаевтың дауысымен «Абай жолы» романының толық нұсқасы қазақ даласына кеңінен тарады. Әр жылдары жазылған ақынның қарасөздері де оқтын-оқтын беріліп тұрады. Үнтаспаға жазылған бұл туындылар әлі талай ұрпақтың құлағына жетіп, рухани құнды дүниелер болып қалары даусыз.

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов