Хабар телеарнасы

Алматыда Абай өлеңдеріне жазылған романстар табылды

Бұл – композитор Сыдық Мұхамеджановтың тырнақалды туындысына бұлбұл әнші Күләш Байсейітованың берген бағасы. Абайдың ішкі толғанысын дәл берген кең тынысты романс Ермек Серкебаевтың орындауында музыка тарихында қалды. Алайда ойшыл ақынның сезімге толы лирикалық өлеңдеріне жазылған басқа да классикалық шығармалардың бар екенін көпшілік көрермен біле бермейді.

Абайдың өлеңіне жазылған композитор Әбілахат Еспаевтың «Мен сәлем жазамын...» романсы кәсіби музыканттарға ғана таныс. Нотасы түсірілген шығарманы табиғи дауыста орындаған Абай атындағы опера және балет театрының солисі Болат Бөкенов: «Ұлы ақынның бұл романстары үлкен сахналарда орындалуы тиіс», – дейді. Құнды дүниелер әзірге абайтанушылардың назарынан тыс қалыпты.

Әлия Сабырова, Абайдың музыкасын зерттеуші:

- Абай өлеңдерінде ән қандай болу керектігі айтылады. Ең басты ойы сонда: ән ойлы, есті болу керек. Яғни ақынның түсінігінде ән адамға ой салу керек, терең мазмұнды болуы шарт. Ендігі кезекте Абайдың уағыздаған ән моделін үздік ән үлгісі ретінде көбірек насихаттасақ, біздің қоғамымыз басқаша көзқараста болар ма еді?!

Абайдың сөзіне жазылған композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» романсы туралы музыкатанушылардан тұщымды пікір ести алмадық. Ғаламторда да мәлімет жоқ.

Абайдың көбесі сөгілмеген мұраларының қатарын толықтырып тұрған бұл шығармалар ақынның 175 жылдығында жарыққа шықса игі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов