Хабар телеарнасы

Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының бас директорын пышақтап кетті

«Қазақмыс» корпорациясына қарасты тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловты жұмыс бөлмесінде әріптесі Тоғызбай Тәжбенов пышақтап тастаған. Полиция департаментінің мәліметінше, өзара туған жанжалдан соң, корпорацияға қарасты «Кәсіпқорған» кәсіподағының төрағасы Т.Тәжбенов бас директордың арқасына пышақ салып, араша түспек болған аталған компанияның маманы Сабыржан Тембаевтың да кеуде тұсын жарақаттаған. Артынша өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында мерт болады. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем-домы көрсетілді. Қазір аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жанатай Сембеков, Қарағанды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы:

- Жезқазған қаласында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясының директоры А.Мініғұловтың кабинетінде Т.Тәжбенов өзара жанжал барысында А.Мініғұлов пен осы мекеменің маманы С.Тембаевқа пышақпен дене жарақатын келтіріп, сол жерде өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша тергеу жүргізілуде.