Хабар телеарнасы

Медициналық орталық 300-ден астам адамды тақырға отырғызды

«Оскар Медикал» деп аталған жеке клиника науқастарға еліміздің екінші деңгейлі ірі банктері арқылы 300 мың теңге көлемінде несие рәсімдетіп, артынша жабылып қалған. Алданған халық алмаған емі үшін қазір несие төлеп отыр. Күдіктілер болса әлі бостандықта жүр.

Наразы халық жиналған мына ғимаратта осыдан 8 ай бұрын «Оскар Медикал» деп аталған медициналық орталық болған. Бұл клиниканың мамандары тұрғындарға телефон шалып: «Тегін диагностикадан өтуіңізге болады», – деп шақырады. Оған сеніп келген науқасқа: «Ауруыңыз асқынып барады, тездетіп емделгеніңіз дұрыс», – деп емнің құнын белгілейді. Қалтасы көтермейтіндерге кемінде 300 мың теңгенің көлемінде дәл сол орталықтың ішінде отырған екінші дәрежелі банктердің өкілдері арқылы несие рәсімдеуге ұсыныс жасайды.

Еркін Аманбаева, қала тұрғыны:

- Үстімнен қарап тұрып, қол қойғызды. Ол мамыр айында болған. Маусымда келсем, жабылып қалған. Бір күн де емделген жоқпын. Енді ақшаны ай сайын кімге төлеп жатқаным белгісіз.

1,5 жылдай жұмыс жасап, өткен жылдың маусымында жабылып қалған медициналық орталыққа 300-дей адам алданған. Бұл тізім одан да көп болуы мүмкін. Себебі ресейлік құрылтайшылардан құралған компания орталықта жұмыс жасаған дәрігерлерді де тақырға отырғызған.

Сауле Юсупахунова, дәрігер-остеопат:

- Осы орталықта жұмыс істеген 60-тан астам медицина қызметкері де алданып қалды. Бастапқыда бізге айлықты уақытылы төлегенімен, кейін төлемей, құр уәдемен уақыт созып келді. Бізге ескертпестен, жабылып қалды. Енді еңбек кітапшамызға да жете алмай жүрміз.

8 айдан бері сабылған халық құқық қорғау органдарына шағымданып, Денсаулық сақтау министрі мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Олар алаяқтардың бостандықта жүргеніне наразы.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық ішкі істер басқармасында қылмыстық кодекстің 190-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген тергеу амалдары жалғасу үстінде. Олардың нәтижесінде кінәлі адам міндетті түрде анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, осылайша жәбірленуші азаматтардың бұзылған конституциялық құқығы сақталады.

Ендігі мәселе – әлі күнге дейін бостандықта жүрген алаяқтар. Осындай құйтырқы іс әрекеттерімен тағы бір орталық ашып, өзгелерді алдап кетпесіне кім кепіл?

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев