Хабар телеарнасы

2020 жылы елімізде 430 мың жаңа жұмыс орны ашылады

Өткен 2019 жылы министрлер кабинеті атқарған жұмыстың қорытындысын баяндаған Үкімет басшысы былтыр жалпы ішкі өнім көлемі 4,5% артып, ел экономикасы тұрақты даму үстінде екендігін атап өтті. Тағы Асқар Мамин еңбек нарығындағы ахуал жайына да тоқталып өтті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Халықтың нақты табысы 5,5% өсті. 2019 жылы 2,7 млн азаматтың жалақысы өсті. Оған ең төменгі жалақыны ұлғайту шаралары негіз болды. Бұл бизнес тарапынан үлкен қолдау тапты. Еңбек нарығы да тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады. 423 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Оның 280 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындары.

Қазақстанда еңбек еткен 550 шетелдік жұмысшы еліне қайтарылды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлімдеді. Жалпы биыл шетелдіктерге берілетін еңбек квотасының саны 40% қысқарған. Былтыр ол 49 мың адамға берілген болса, биыл 29 мың жұмысшы ғана келуіне рұқсат. Ал осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанда 100 мыңнан астам өзге елдің азаматтары еңбек еткен. Бүгінде олардың қызметін өз отандастарымыз ауыстыруда.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Оған қосымша қазіргі қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу жөніндегі құжаттарды дайындап, Парламентке бердік. Одан кейінгі жұмыс – шетел азаматының орнын басатын, солардың орнына жұмыс істейтін қазақстандықты 2-3 жылдың ішінде дайындап шығаруды шетелдік азаматтар бар кәсіпорындарға жеткізу.