Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді тіркеуді Президент өзі бақылауға алмақшы. Және «Қазақстан заңнамасына сай келмейтін шетелдік автомобильдер бұдан былай елге кіргізілмесін», – деп жауапты ведомстволарға тапсырма беріп отыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір нәрсеге тыйым салды. Енді бір де бір ведомство қымбат көлік, қымбат жиһазға қаржы шашпайтын болады. Көк тиын пайдасы жоқ семинар-форумдар да қысқартылады.

Ресми ашылу күні жақында ғана өткен Абай мерейтойының дайындық шараларына жұмсалатын шығынды ШҚО әкімдігі 20 млрд теңгеге бағалап қойыпты. Демек, «осынша қаржы жұмсаймыз» дегені. Аз ақша емес. Өңір басшысы «бюджеттен бір тиын алмаймыз, жеке сектор қол ұшын созады» деген уәж айтты. Бірақ мұнысын Президент құптамады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аккурантнее надо. Не надо слишком много концертов организовывать, привлекать зарубежных артистов даже при помощи спонсорских средств. Мне кажется, нужно в деловом ключе провести все эти мероприятия. Вы самый опытный среди акимов и поэтому внимательно посмотрите на все мероприятия, которые будут проводиться в честь 175-летия великого Абая. Эти мероприятия должны носить практическое значение и идеологическую нагрузку.

Квазимемлекеттік секторды да ықшамдап, ысырапқа тосқауыл қоятын кез келді. Кей компаниялардағы шамадан көп штаттардың қазына қаржысына салмақ салғаннан басқа пайдасы жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мысалы «Бәйтерек» холдингі 63 ұйымнан тұрады, оның 11-і еншілес ұйым. Шамамен 3 мыңдай қызметкері бар. «ҚазАгроның» да үш еншілес компаниясы бар, оларда 2 мыңдай адам жұмыс істейді. «Бәйтеректің» әкімшілік шығындары 54 млрд теңгеден асты, оның 24 млрд теңгесі қызметкерлердің жалақысына жұмсалған. Мұндай жағдай квазимемлекеттік сектордағы өзге ұйымдарда да кездеседі. Сондықтан бірін-бірі қайталайтын қызмет түрлерін жоюға қатысты шешім қабылдау керек. Бұл мәселенің Үкіметте және қоғамда қызу талқыланғанына біраз болды, бірақ шешім де жоқ, нәтиже де жоқ.

Ал қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақысында алшақтыққа жол бермеуді Президент бұған дейін бірнеше рет көтергені бар. Шетелдік жұмысшылар квотасын 40% қысқартуды да тапсырған өзі. Нәтижесін Бердібек Сапарбаевтан сұрады.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Еңбек министрлігі, Бас прокуратура жергілікті билік өкілдерімен бірігіп, 30-дан астам шетелдік жұмыс істейтін 96 кәсіпорынды тексерді. Соның нәтижесінде мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Бас прокуратураның көмегімен 500-ден астам шетелдік еліне қайтарылды. 470 еңбек шарты бұзылды. Қазір шетелден маман тартатын болса, кемінде 2-3 жылдың ішінде солардың орнына жұмыс істейтін қазақстандық маман дайындау қажеттігін шетелдік жұмыскерлері бар кәсіпорындарға айтып жатырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаева министрлер мен әкімдерге Президенттік кадрлық резервке енген жастарды мемлекеттік қызметке тарту керектігін тағы бір тапсырды. Өйткені бұл буыннан Мемлекет басшысының күтері мол. Өйткені жастар «қатаң қағидаға жаңа дем береді» деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жыл соңына дейін біз мемлекеттік басқаруды реформалауда сапалы қадам жасауымыз керек. Президенттік жастар кадрлық резервінің жасақталуы – алғашқы қадамның бірі. Біздегі басты мәселе – мемлекеттік қызметкерлердің менталитеті мен стилі. Олардың жұмысы бітпейтін хат алмасудан тұрмауы тиіс, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуі қажет. Екінші жағынан, енжарлық пен жігерсіздік, батылсыздық – құқық қорғау органдарының мемлекеттік қызметкерлер жұмысына тым көп көңіл бөлуінің нәтижесі. Көбіне басқарушылық шешімдер «сыбайлас жемқорлыққа негізделген» деп түсіндіріледі.

Қазақстанның қаржы секторын қазір ауру жайлап барады. Айықпас дерт деуге келмес, бірақ алаңдауға негіз бар. Өткен жылы 500 мың адамның несиесін мемлекет төлеп берді. 1 млн-нан аса жанның өсімпұлы кешірілді. Сөйте тұра, кредитке қайта кірушілер азаяр емес. Әрине ешкім еріккеннен қарыз алмайды. Сондықтан мұның алдын алатын кешенді шара болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұтынушылық несие алушылар саны 24% артып отыр. Несиелердің 2/3 жеке тұлғаларға кепілсіз берілген. Елдің қаржылық секторындағы күрделі проблема айқын көрініп тұр. Басқаша сөзбен айтсақ, қаржы секторы дертке шалдыққан. Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігі мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін шара қабылдауы тиіс. Нақты айтар болсақ, несие төлей алатын адамдарға ғана берілуі тиіс. Бізде жеке тұлғалардың тұтынушылық несиелері 1,4 трлн теңгеге ұлғайды және 6,7 трлн теңгені құрайды. Олардың толық қайтарылатыны күмән тудырады.

Қырғыз, Ресей, Армениядан ағылған көліктердің мәселесіне де Президент нүкте қойды. Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктер бұдан былай елге кіргізілмейді. Ал бұған дейін әкелінген көліктерді тұрақты тіркеуге қою немесе елден шығару үшін бір жылдай уақыт беріліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде уақытша тіркеуге алу қажет. Ал 2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көліктерін тұрақты тәртіпте тіркеп, кедендік баж бен утилизациялық соманы төлеуі тиіс. Болмаса ол көлікті елден шығаруы немесе заңнамамен тыйым салынбайтын басқа да амалмен мәселесін реттеуі қажет. Мұндай көліктер техникалық регламенттің талаптарына сай болуы керек. Сондай-ақ тіркеу сомасы мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу бір қолдан екінші қолға сатылып барып, жасалмауы тиіс. Үкіметке Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін көліктерді бұдан ары кіргізбеуді және пайдалануға шектеу қою шараларын қолға алуды тапсырамын.

Ел астанасы – елдің айнасы. Соңғы кезде елорданы абаттандыру жұмысы ақсап тұр. Әсіресе боранды күні қаланы қалың қар басып, халықтан маза кетті. Әрине мұны Президенттің көрмей-білмей отыруы мүмкін емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде астана мен әсіресе қала шетіндегі аудандарды әлеуметтік, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Әрдайым қаланы абаттандырумен айналысу керек, сіз аудан әкімдерінің жұмысына бағыт беруіңіз керек. Соның ішінде орынбасарларыңыздың біріне егер лайықты маман жетіспей жатса, бұл қызметке кімді алуға болатынын Үкіметпен кеңесіңіз. Себебі қалаға келіп жатқан адамдар, қазақстандықтар, шетелдіктер болсын, барлығы әлдебір жайсыздыққа көңіл аударып жатады. Мен мұның климаттық жағдаймен байланысты екенін түсінемін, дегенмен қаланы абаттандырумен үнемі айналысу керек.

Зейнетақы қорында тиімді пайдаланылмай жатқан активтерді жұрт кәдесіне жарату жайлы Президент бастамасы – көпшілік көңілінен шыққан идеяның бірі. Бірақ Мемлекет басшысы: «Жиналған қаражаттың бәрін бөліп беріп, халықты қартайғанда зейнетақысыз қалдыруға да болмайды», – дейді. Жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етіп, осылайша еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет екенін айтты.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Үкіметтің толық құрамымен Президент осыдан алты ай бұрын да кездескен. Содан бері берілген тапсырманы тиянақты орындамаған министрлер де бар болып шықты. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев олардың ешқайсысына сөгіс берген жоқ. «Сөгіс жақсы нәтижеге қол жеткізудің жолы емес», – деді. Бірақ кемшіліктерін түзетуге санаулы уақыт берді. Көктемде дәл осы жерде тағы да кеңейтілген жиын өтеді. Соған дейін жұмысына салғырт қарап, тапсырманы орындамағандар орынтағымен қоштасуы әбден мүмкін. Президент осылай деді.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков, Азамат Саметов