Хабар телеарнасы

ДДСҰ коронавирус қауіптілігінің деңгейін өзгертті

Жұқтырғандар мен қаза болғандардың статистикасы сәт сайын құбылып отыр. Қайтыс болғандардың саны кеше ғана 80 еді, бүгін 100-ден асты. Инфекцияны жұқтырғандар 5 мыңға жуықтады. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы алаңдаушылық білдіріп, бүгін коронавирустың адамнан адамға жұғу қауіптілігін қалыптыдан жоғары деңгейге өзгертті.

Мария Ван Керкхове, ДДҰ қызметкері:

- Барлық елде әуежай ішінде жолаушыларды жіті тексеріп жатыр. Жедел жәрдем бөлімдеріне де ерекше мән береміз. Өйткені ауру симптомдары байқалғандар бірінші кезекте жедел жәрдем көмегіне жүгінеді. Вирустың кең таралып кетпеуі үшін барлық шара қолға алынды. Коронавирустың жаңа түрін анықтау оңай емес. Сондықтан мамандар өте мұқият болу керек. Медицина қызметкерлерінің денсаулығы да біз үшін өте маңызды.

Қытай – біздің көршіміз. Сондықтан қауіп бар. Бүгін сағат күндізгі 11:00-де ғана Денсаулық сақтау министрлігі Қытайдан қайтқан 4 қазақстандықты инфекциялық белгілері үшін аураханаға жатқызғанын хабарлаған. Ал түстен кейін олардың саны 10-ға жеткені хабарланды.

Жандарбек Бекшин, ҚР бас санитарлық дәрігері:

- Алматы қаласындағы екі науқас медициналық көмек алғаннан соң стационардан жіберілді. Қазіргі таңда бізде Атырау облысында, Қызылқоға ауданында бір науқас бар. Ол ЖРВИ (ОРВИ) диагнозымен ем алып жатыр. Түстен кейін Алматы қаласынан ақпарат түсті. Дерек бойынша бір адам және Ақмола облысында бір отбасы Хайнаньда демалыста болған. Оның үшеуі – бала. Екі бала қызуы көтерілгеніне байланысты отбасымен бірге стационарға орналастырылды.

Бүгін Нұр-Сұлтанға Бейжіңнен ұшып келген жолаушының тағы бірі ауруханаға жөнелтілді. 16 жастағы қыз баланың тамағы жыбырлып, дене температурасы -37,4°-ке жеткен.

Сархат Бейсенова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитет басшысының қызметін атқарушы:

- Дене қызуынан бөлек қандай да бір инфекциялық белгілер байқалған жоқ. Ол Бейжің қаласында ғана болған, яғни қала сыртына шықпаған. Бірақ оның денсаулығын толық тексеру үшін балалар инфекциялық аруханаға жатқызылды. Қажетті анализдер алынды.

Өткен 3 аптада Қытайдан елге 28 мыңнан астам адам келген. Барлық жолаушы туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді. Олар келушілердің тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп, өзге адамдармен қарым-қатынасын қатаң бақылап отырған көрінеді. Бүгін Елжан Біртанов Қытайдан оралған жолаушыларға арнайы үндеу жариялады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мен соңғы 14 күн ішінде ҚХР мен көрші елдерден келген Қазақстан азаматтарына тұрғылықты жерілеріңіз бойынша емханаға келіп немесе қоңырау шалыңыздар дегім келеді. Өз дәрігеріңізге тіркеліп, денсаулығыңызда кінәраттың бар-жоғын айтып, хабарласыңыз. Бұл – сіздің қауіпсіздігіңіз үшін қажет шара. Біздің мамандар сіз туралы біліп отырса, егер денсаулығыңыз нашарласа, сізді және сіздің отбасы мүшелеріңізді қорғау үшін шұғыл шаралар қолданады. Себебі біз бәріне бірдей хабарласа алмаймыз.

Қазіргі кезде Қытайда 11700-ге жуық қазақстандық студент білім алады. «Олардың дені дәл қазір Қазақстан аумағында», – дейді Білім және ғылым министрлігі. Ал эпидемияның ошағы Уханьда 400 қазақстандық студент оқитын болса, соның 98-і қазір оқу орнының кампусында. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 61 студентті елге алып келуге дайын. Тек Қытай билігіне жіберілген ресми нотаның жауабын күтіп отыр. Олар келіссе, арнайы борт ұшып барады.

Шахрат Нұрышев, ҚР Сыртқы істер вице-министрі:

- Біз қазір студенттерді эвакуациялау мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе бойынша Қытай тарапына ресми нота жіберілді. Арнайы ұшатын ұшақтың қай маршрутпен баратыны, қайдан алып кететіні туралы нақты сұрақтар шешілуде.

Жандарбек Бекшин, ҚР бас санитарлық дәрігері:

- Астын сызып айта кететін жайт: Қытайға арнайы бортпен баратын біздің дәрігерлер қорғаныш костюмдерімен және маскалармен жабдықталады. Борттарымыз дезинфекциядан өтеді. Студенттер 14 күнде карантиндік стационарға орналастырылады.

Қазақстан темір жолы бүгін Қытайға қатынайтын екі пойыздың тоқтатылғанын хабарлады. Үрімші-Алматы, Алматы-Нұр-Сұлтан-Үрімші бағытындағы жолаушылар пойызы вирус ауыздықталғанша дейін қатынауды тоқтатты. Сақтансаң, сақтайды. Денсаулық сақтау министрлігі: «Қазақстанның медицинасы қауіпті дерттің алдын алуға толық дайын», – деп мәлімдеді. Соған орай 3 млн медициналық маска сатып алмақ.

Жандарбек Бекшин, ҚР бас санитарлық дәрігері:

- Далада жүргенде бетперде киюдің қажеті жоқ. Бұл вирус қоршаған ортада көп тұрмайды. Көп болса бір тәулік тұрады. Ең қолайлы температура 36°-37° тек қана жануарлардың, адамдардың ағзасында тұра алады. Тағамдармен келуі мүмкін емес.

Алматылықтар да бетперде сатып алудан қалыспай жатыр. Дәріханаларда ұзын-сонар кезек. Тұрғындар медициналық маскалардың бағасы мен түр-түсіне қарамастан, жүздеген данамен сатып алуда. Шағын дәріханалардағы фармацевт мамандары соңғы үш күннің ішінде 7 мыңнан астам бетперде сатқандарын айтады.

Гауһар Галышова, зейнеткер:

- Алдын ала қорғануға ғой. Ол ойыншық емес. Сол себепті сақтану керек.

Интернеттегі ептілер де бұл жағдайды өз есебіне жаратып жатыр. Мысалы, «Өзіңді және өзіңнің жақындарыңды аса қауіпті вирустан сақта!» деген хабарламаның иесі бір масканың құнын 6 мың теңге деп бағалапты.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Аян Сәрсенбаев