Хабар телеарнасы

Елімізде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар басталды

Біртуар ғалымның есімімен аталатын ҚазҰУ-да Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен әл-Фараби орталығының тұсаукесері өтті.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Кемеңгер ғалым әл-Фарабидің мерейтойлық жылы ЮНЕСКО қамқоршылығымен халықаралық ауқымда кеңінен аталып өтіледі. Өйткені адамзаттың екінші ұстазы саналатын Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері сан ғасыр өтсе де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Және де бүкіл адамзатқа ортақ десек артық айтпаймыз.

Бекжан Мейірбаев, әл-Фараби орталығының директоры:

- Өзіңіз айтып кеткендей, екінші ұстазымыз саналатын Әбу Насыр әл-Фараби – шындығында әлемдік өркениеттің дамуына бірден-бір септігін тигізген ғұламалардың бірі. Өйткені біз білетін еуропалық қайта өрлеу дәуірінің пайда болуының, Еуропа мәдениетінің жаңғыруының себепшісі де әл-Фараби деп айта аламыз. Оны Еуропа ғалымдарының өздері де мойындап отыр.

Әл-Фарабидің мұрасын, оның идеяларын аз уақытта айтып тауыса алмаймыз. Егер еңбектерімен тереңірек танысамыз десеңіз мархабат. Орталық кез келген оқырманды қабылдауға дайын.