+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Алматыда дәстүрлі цифрлық форум өтті

Forum
Forum

Осымен 3-ші рет ұйымдастырылған халықаралық шара биыл «Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» тақырыбын өзек етті.

Ауқымды жиынға ЕАЭО-ға мүше елдердің Үкімет басшылары, саяси көшбасшылар, IT саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.

Форумның алғашқы отырысында IT саласының әлемдік алыптары мен саяси көшбасшылары цифрландырудың жаңа бағыттың игілігін қаузап, экономикаға тиімділігін сөз етті. «Атап айтқанда, жасанды интеллектті көлік және логистика саласында пайдалану транзиттік бағыттарды оңтайландыруға көмектессе, кеден саласында шекарадан өту уақытын тездетеді, ал саудада көлеңкелі және контрафактілік тасымал көлемін азайтады», – деп атап өтті Қазақстанның Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Өсімнің айтарлықтай бөлігін еңбек өтімділігі құрауы тиіс. Бұл орайда жасанды интеллектті дамытудың мүмкіндігін көріп отырмыз. Қазақстанда жасанды интеллектті қолдану жалпы экономикамызға жылына 25 млрд доллар пайда әкеледі деп болжап отырмыз. Оның ішінде қызмет көрсету саласында жасанды интеллектті қолданудан 15 млрд доллар, тау-кен саласында 9 млрд долларға дейін пайда түседі.

Ресей Премьер-Министрі бұл салада көшбасшылыққа қол жеткізу үшін ЕАЭО елдері бірыңғай цифрлық сәйкестендіру жүйесін құру қажет екенін айтты. Бұл ортақ мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сандық технологияларды енгізген компанияларға жеңілдіктер қарастырылған.

Руслан Еңсебаев, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

- Егер компания жұмысын неғұрлым ашық жүйеге көшіретін болса, біздің тараптан қосымша құн салығын арттыруға жеңілдіктер қарастырылған. Бұл бизнеске өте тиімді болары сөзсіз. Яғни енді олар өз тауар айналымдарын ашық көрсете алады. Қосымша құн салығы бойынша ең жоғарғы шектеулі көрсеткіш, яғни 70 млн теңгеден асып кетсе де, тіпті 370 млн теңгеге дейін жетсе де, банктерден кедергісіз несие алып, компанияларының дамуына жұмсай алады.

Қазақстанда «Smart Data Ukimet» жобасының аясында жасанды интеллект технологияларын қолданудың алғашқы қадамдары жасалған. Nazarbayev University базасында ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты құрылды. Еліміздің сандық саладағы жетістіктерін форумға қатысқан халықаралық сарапшылар да жоғары бағалады.

Винченцо Акуаро, БҰҰ-ның цифрлық үкімет бойынша басшысы:

- Бұл форум – цифрлық ынтымақтастық үшін маңызды платформа. Менің пікірімше, мұндай шаралар бір аймақ үшін ғана емес, әлем үшін де стратегиялық маңызы зор. Себебі мұнда өзара тәжірбие алмасып, жаңа тың жобаларды көруге болады.

Сандық технология – жаһандық экономиканы дамытудың жаңа жолы. Оны дамытуға мүдделі елдердің басын қосқан форумда Қазақстанның цифрлық өнімдерін халықаралық нарыққа шығару жолдары талқыланды. Шетелдік инвесторлар форумда таныстырылған отандық жобаларды қаржыландыруға дайын.

Эдонго Хэрв, инвестор:

- Біз Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға инвестиция құю үшін келдік. Себебі Қазақстандық Үкімет кәсіпкерлікке, сондай-ақ экожүйе сапасына аса мән беріп отыр. Осы форумда бізге екі стартап ұнады. Енді сол жобаларды зерттеп, келісімшартқа қол қоятын шығармыз.

Форум отырыстарының бірі білім саласын цифрландыруға арналды. ЖОО мен колледждер, министрліктердің жұмысын автоматтандырумен айналысатын қазақстандық компания аз уақытта экспортқа шығып үлгерген. Биыл алғаш рет форум аясында ұйымдастырылған «Digital Almaty Awards» сыйлығының «ІТ-чемпион» аталымын жеңіп алған жобаның тиімділігі орасан.

Ұлықбек Мұхитдин, стартап жоба жеңімпазы:

- Бұл жобаның үш басты тиімділігі бар, біріншіден, сыбайлас жемқорлық көрсеткіштерінің 78% төмендеуі, және де экономикалық шығындардың азаюы. Қағаздылықтан босатылу арқасында 4,5 млн доллар ақша үнемделеді. Осының бәрі автоматтандырудың ең басты мақсаты.

«Digital Almaty» халықаралық форумы аясында бірқатар маңызды келісімшартқа қол қойылды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында «QWANT» жоғары технологиялық мектебін ашу туралы келісім қаржы индустриясын цифрландыруға ықпал етеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Алуа Маханбет, Олжас Байбосын