Хабар телеарнасы

2019 жылы демеушілердің көмегімен 296 отбасы баспаналы болды

Бұл туралы 2019 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды. Өткен жылы бағдарлама аясында аймақтарда 13 мектеп, 25 балабақша, 83 мәдени нысан және 17 медициналық мекеме салынған. Олардың құрылысына қаражатты демеушілер бөліпті. Бұдан бөлек іскер азаматтар бағдарлама аясында аз қамтылған отбасылардың баспаналы болуына қол ұшын созған. Нақтырақ айтқанда, 296 пәтер алып беріпті. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» шеңберінде 2019 жылы 1 мыңға жуық нысан жаңартылып, күрделі жөндеуден өткізілген.

Ғабидулла Оспанқұлов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

- Біздің меценаттарымыз 2 мыңнан астам объектіге 60 млрд теңгеге жуық қаржыда көмектерін көрсетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл әртүрлі деңгейді қамтиды. Бағдарлама аясында әртүрлі саладағы шаралар жүзеге асады.

Кемелбек Ойшыбаев, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕА қоғамының басқарма төрағасы:

- 3 жылдық мерзімді алсақ, 2017 жылдан бері «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылдарды көтеруге меценаттар тарапынан 296 млрд тг жұмсалған. 4 мыңнан астам нысан салынған және жөндеуден өткен.