Хабар телеарнасы

Елордадағы жатақханалардың көбі тозған

Бас қаладағы жатақхананы жөндеуге 50 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда ашынған жұрт ақшаның мақсатсыз жұмсалғандығын айтып отыр. Жүргізілген жөндеу жұмыстарына тұрғындардың көңілдері толмайды. Тек дәретхана мен жуынатын бөлменің қабырғасын қаптап берген. Әрі электр сымдары мен құбыр желілері ауыстырылмаған.

«Сырты бүтін, іші түтін». Мына бір жатақхананың тұрғындары өздерінің тұратын жерін осылай деп сипаттап отыр. Күні кеше арнамызға хабарласып, бастарындағы базынасын айтты. Айтуларынша, жатақхананы күрделі жөндеуден өткізуге қыруар қаржы бөлінген. «Алайда жөндеу жұмыстары тиісті дәрежеде жүргізілмеді», – деп отыр.

Табалдырықтан аттай сала кіреберістегі жарықтың жанбайтынын байқадық. Электр сымдары оқшауланбаған. Қасындағы кәріз желілерінен су тамшылайды. «Бір күні ток соғып, апат бола ма деп шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүрміз», – дейді тұрғындар.

Раушан Әлжаппарова, тұрғын:

- Әкімдік 52 млн теңге бөліп, осыдан 5 ай бұрын жөндеу жұмыстарын жүргізуге кірісті. Дәретхананың қабырғаларын қалпына келтірмей, бетін ғана қаптай салды. «Төбені жаптық», – деді, бірақ әлі күнге дейін су тамшылайды. Құрылысшылар: «Жерасты кәріз құбырларын жасаймыз», – деп, мүлдем құртты. Қазір су ақпай, бітеліп, бізді әбден әбігерге салып жатыр.

Ауыстырылған құбырлар сол күйі тұр. Бұл жерден шығып жатқан иіс қолқаны қабады. Себебі 4 қабатта 116 бөлме бар екен. Барлығы бір дәретхананы қолдануға мәжбүр.

Жылыту жүйелері де тұрғындардың жүйкесін жұқартқандай. Қатты қысым болса, жарылғалы тұр. Себебі құбырлар ескірген. Су тамшылаған жерлерін өздері жамап әлек.

Раушан Әлжаппарова, тұрғын:

- Мынау жарылса, далада қаламыз. Өткен жылы тығыздамадық. Өйткені қатты күш болса, мынау жарылып қалайын деп тұр. «Орындадық» деп есеп бердік.

Су құбырдан ғана емес, үстіңгі қабаттың төбесінен де тамшылайды. Зейнеткер Анна Авви: «Қар еріп, жаңбыр жауғанда су сарылдап ағады», – дейді. Ылғал тартқан бөлменің терезесі үнемі дымқылданып тұрады екен.

Анна Аввик, зейнеткер:

- 3 түн қатарынан шелекке толған суды тасып әлек болдым. Елдің бәрі ұйықтап жатыр. Ал мен кәрі сүйегімді сүйретіп шелекпен су тасып жүрмін. Қатты қиналдым. Жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін осындай болып қалды. Осында тұрып жатқаныма 30 жылдан асты. Бұған дейін мұндай болмаған.

Жатақхананың жыры мұнымен бітпейді. Қандала мен тарақандар, қаңғыбас пен маскүнемдер маза бермейді. Тұрғындар бірін улап, бірін шулап жүріп қууға тырысады. Ал әкімдіктегілер: «Жөндеу жұмыстары жүргізілді және оған 52 млн теңге бөлінді», – деп отыр.

Азамат Жанаев, Байқоңыр ауданы әкімдігі Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас сарапшысы:

- Жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол күрделі емес. Тек үй сүрілгенге дейін өзінің негізгі қалыбын жоғалтып алмас үшін жасалды. Бұл үйді сүру үшін былтыр хат жаздық. Енді ол 2022 жылдан кейін жүзеге асырылады. Қазір кезекте тұр. Ал бөлменің ішкі жұмыстарына жауап бермейміз. Онымен тұрғындар өздері айналысуы керек.

Бұл нысанның болашағы белгілі. Келешекте сүріледі. Жүргізілген жөндеу жұмыстары уақытша көмек ретінде қарастырылған. «Ал ішкі қауіпсіздік пен тазалық жұмыстарына тұрғындар өздері жауапты», – дейді әкімдік өкілі. Айта кетейік, жатақхана 1972-жылы салынған. Төрт қабаттан тұратын ғимаратта 116 бөлме бар.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров