Хабар телеарнасы

«Жалғыз жауқазын» телехикаясы «Хабар» арнасының күзгі маусымында көрсетіледі

Оқиға желісі дәулетті отбасының жалғыз қызы Айсұлудың тағдыры арқылы өрбиді. Басты кейіпкер Айсұлуға мұра болып өтетін байлыққа қызыққан сүйген жігіті оны

ң ата-анасына қастандық жасайды. Осы жайды  білген Айсұлу бас сауғалап, нағашы әжесі тұратын ауылға қашып кетеді.  Бұдан әрі оның өміріндегі қилы кезеңдер мен бұралаң сәттер алма-кезек ауысып отырады. Сериалдағы қатыгез Арсеннің рөлін жас актер Ақберен Жұмабаев ойнайды.

Ақберген Жұмабаев, актер:

- Бұл жобадағы сценаристердің негізгі ойы – сенгіш, аңқау, өмірге кіршіксіз таза адамдар мен пасық, қолынан тек қатыгездік келетін адамдарды ажырату, көрсету. Сериалдың тәрбиелік мәні бар деп ойлаймын. Бұл көрерменнің көңілін көтеріп, рейтинг жинау үшін жасалған дүние емес. Көрерменге ой тастайтын шығарма боларына сенімдімін.

Телехикаядағы басты кейіпкер Айсұлудың рөлін жас актриса Ақбота-Нұр ойнайды. Бұған дейін ол бірнеше отандық киноға түсіп, тәжірибе жинаған. «Алайда олар негізінен комедиялық туындылар еді. Бұл жолы жауапкершілік жүгі ауыр», – дейді ол. «Жалғыз жауқазын»  – жас режиссер Төребек Бейсебаевтың мелодрама жанрындағы алғашқы жұмысы.

Төребек Бейсебаев, телехикая режиссері:

- Техникалық жағына келетін болсақ, бәрі жақсы. Барлығы бар. Ал актерлар комедия жанрында ойнап жүрген, тәжірибелі адамдар. Оларға да драма ойнаған өте қызық. Сондықтан барын салып жатыр.

Телехикая көріністері негізінен Алматы мен Алматы облысында түсіріліп жатыр. Шығармашылық ұжым 50 адамнан тұрады. Бұл жаңа туынды «Хабар» арнасының күзгі маусымында көрсетіледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов