Хабар телеарнасы

«Қаламгер» көркем фильмі көрермендерге жол тартады

Ақын-жазушы атаулы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. «Хабар» Агенттігінің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында арнайы қолға алған жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.

Оқиға Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлин, Асқар Сүлейменов сынды басқа да қазақ әдебиетінің нарқасқалары отырған киелі орын Жазушылар одағының төңірегінде өрбиді. Қазақ интеллигенциясының қайнаған шығармашылық өмірі суреттеледі. «Фильмнің «Қаламгер» аталуының өзіндік себебі бар», – дейді сценарий авторы.

Сержан Зәкерұлы, «Қаламгер» көркем фильмі сценарийінің авторы:

- Ортақ әңгіме дүкен құратын жер – «Қаламгер» кафесі. Ол кезде бұл кафені Әнуар Әлімжанов ашқан. Сол жерде Кеңес одағының идеологиясына жат, цензураға ілініп жатқан жазушылардың айтылмайтын әңгімесі сол «Қаламгер» кафесінде айтылып жататын.

Фильмде жас жазушы Сәтжан Алматыға келіп Алаш тақырыбына қатысты диссертация қорғайды, сөйтіп қыспаққа ілінеді. Бір ғана Сәтжанның образымен бүкіл қаламгердің басынан өткергені суреттеледі.

Қазақтың рухани байлығын қызғыштай қорыған қаламгерлердің күрескерлігі, цензураның қыспағына қарамай елім дегендердің еңбегі көрсетіледі.

Арнұр Құдиярбек, актер:

- Сол кездегі Үкіметтің көзі мен құлағына айналған персонаждың бірімін. Жазушылар одағына келіп жүретін жас жазушының рөлінде ойнаймын.

Фильмде Тахауи Ахтановтың та образы бар. Оның әдеби мұрасы – халықтың ескірмейтін рухани құндылығы. Көрнекті қаламгердің рөлін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Балтабай Сейітмамытұлы сомдайды.

Балтабай Сейітмамытұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Кинода сол нәубет жылдарында кеткен Мағжан, Ахмет, Ілияс сынды ағаларымыздың образын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін қайта алып келіп отыр.

Кинотуынды Жазушылар одағының 85 жылдығына орай түсірілген. Премьерасы елімізде алғаш рет ұйымдастырылған Азия қаламгерлерінің форумымен тұспа-тұс келіп отыр.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Қылышынан қан тамған кеңестік идеологияның құрбанына айналған талай азаматтардың бар екенін білеміз. Олардың барлығы сол жылдары құпия болды. Ол жайлы айтылмады, жазылмады, кино түсірілмеді. Осы бір кемшілікті түзеу үшін «Рухани жаңғырудың» нақты дәлелі, көрсеткіші болсын деп осы жобаны қолға алған болатынбыз.

Фильмде тіпті 1973 жылы Азия-Африка жазушыларының V конференциясының Алматыда өткені де көрсетіледі. Кинода Әл-Фарабидей ғұлама ғалымның дәлелденген сәті де бар.

Дулат Исабеков, «Қаламгер» көркем фильмінің бас кеңесшісі, жазушы, драматург:

- Менің жан-дүниемді тебірентіп жіберді. Көптеген детальды өзім қостым. Мысалы, ұстаздың оралуы. Ташкент өткізейін деп жатқанда Әл-Фарабиді Алматыға тартып алып келуі. Бұл – Әнуар Әлімжановтың арқасы, мұны көп біле бермейді.

Әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген керемет сөзі бар. Әдебиет тарихына көз жүгірткен толықметражды фильм 12 қыркүйектен бастап барлық кинотеатрда, ал 14 бөлімнен тұратын сериалды желтоқсанда тәуелсіздік мерекесіне орай «Хабар» Агенттігінің телеарналары көрсетеді.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Марат Диханбаев