Хабар телеарнасы

Әсел Акбаровамен кездесу!

Әсел Акбаровамен кездесу!

 

Кездесуге келгендердің барлығы - қыз бала. Көбі - болашақ журналист. Олар Әселге арнайы дайындап келген сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.

Бұл күн әдемі жүздесу мен естен кетпес естеліктерге толы болды. Қыздар кездесуден өздеріне қандай ой түйді екен?!

Айман Әшімбаева, телекөрермен

-Теледидарды көп қарай бермеймін. Бірақ «Хабар» арнасындағы «Біздің үйді» міндетті түрде көремін. Әселдің бағдарламаны жүргізгені ұнайды. Бүгінгі кездесуден алған әсерім ерекше. Оның журналистика емес, басқа саланың маманы бола тұра осыншама жетістікке жеткені қатты таң қалдырды.

 

Гүлжан Қайранова, телекөрермен

-Маған Әселдің журналистикаға қалай келгені қызықтырып еді. Көкейімде жүрген бірнеше сауалдарыма жауабымды алдым. Алғаш жаңалықтар жүргізушісі ретінде таныдым. Міне, содан бері әр қадамын бақылап келемін. Үлгі тұтамын. Біз секілді болашақ журналистерге айтқаны, кез келген қиындыққа мойымау керек екен. Өйткені бұл салада өзіне сенген мықтылар ғана озып шығады. Әрбір кеңесін кәдеге жаратамыз деп сенемін.

 

Гүлназ Неталина, телекөрермен

-Мен бұл кездесуді асыға күттім. Әсел Акбарованы теледидардан көрген бөлек те, жүзбе-жүз кездесіп әңгімелескен мүлдем басқа екен. Ол кісінің заңгер бола тұра, телевизияға қалай келгенін білгім келетін. Кездесу арқылы жоспарлары мен шығармашылық жаңалықтарынан хабардар болдым. «Біздің үй» көбіне әлеуметтік тақырыптарды қозғайды ғой. Әр бағдарлама сайын кейіпкерлердің тағдырларына біз де алаңдап қаламыз. Мәні мен маңызы бар ерекше хабар деп атап өтер едім.                   

Гүлназ Ізмұханова, телекөрермен

-Мен Орал қаласынан келдім. Әселдің «Біздің үйді» жүргізгенін үнемі қарап отырамын. Бізбен ашық сырласып, барлық сұрақтарымызға толық жауап берді. Тағдырдың жазуы шығар, 3 баламен 24 жасында жалғыз қалғанын естіп қайран қалдым. Нағыз қайсар әйел екен. Мінезі мен қарапайымдылығы қатты ұнады. «Біздің үйді» үзбей көруге тырысамын. Жаңа маусымда қыздар тәрбиесіне қатысты тақырыптар көбірек қозғалса екен.

 

 Таңшолпан Ерманова, телекөрермен

-Әсел Акбарованың инстаграмдағы парақшасының оқырманымын. Оның тележүргізуші екенін де сол әлеуметтік желі арқылы білдім. Осыдан кейін бағдарламаларын үзбей қарап жүрмін. «Мен қандай қиын жағдай болмасын, алдыма мақсат қойдым, талпындым», – деді Әсел. Бұл сөзі маған жігер сыйлады. Жақсы журналист болу үшін кітапты көп оқу керектігін де айтты. Алғысым шексіз, пайдалы кеңестер алдым.

 

 

Әсел Акбарова, «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Бұл менің телекөрермендермен өткен алғашқы кездесуім. Әрине, қобалжу болды. Дегенмен барлығы да сәтті өтті. Қыздардың қойған сұрақтарынан-ақ олардың болашақ журналист екендіктері байқалып тұрды. Көрермендердің бірі кездесу барысында қазір журналистикаға қатысы жоқ өнер адамдары эфирдің «жұлдызына» айналды, олар қолында дипломы бар кәсіби мамандардың нанын жеп отырған жоқ па деген сауал тастады. Мен де арнайы журналистиканың оқуын оқымадым. Негізгі мамандығым - заңгер. Бірақ мен кішкентайымнан осы салаға қызықтым. Тележүргізуші болсам деп қатты армандадым. Алдыма мақсат қойдым. Ақыры дегеніме жеттім. Менде тележүргізушілікке сай қасиет болмаса, 10 жыл бойы бұл салада жүрмес едім. Сондықтан мен өз кәсібімді адаспай таптым деп айта аламын. Менімен кездесуге келген қыздарға рахметімді айтып, сәттілік тілеймін. Болашақтары баянды болсын!