Хабар телеарнасы

«Қыз жолы»: Кастингте бір-біріне үйлесетін қыздарға басымдық берілді

«Қыз жолы»: Кастингте бір-біріне үйлесетін қыздарға басымдық берілді

«Хабар» арнасынан өтіп жатқан үш апалы-сіңлі қыздардың тағдырын баяндайтын «Қыз жолы» телехикаясы көпшілік көңілінен шығып та үлгерді.

Қазір күн сайын сағат 21.30-да сериалды асыға күтетін көрермен қатары да артқан.

Әрине, отбасылық телехикая актрисаларының да айтары жоқ емес.

Орайлы сәтті пайдалана отырып, олармен әңгімелесуді жөн көрдік. Бану Манкеева (Майра), Баян Қажнәбиева (Гүлшат) және Айнұр Бабаева (Ақерке) сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз! 

 

-«Қыз жолындағы» кейіпкерлеріңізбен ұқсастықтарыңыз бар ма? 

Бану Манкеева, актриса (Майра, «Қыз жолы»)

-Әрбір кейіпкердің өз мінезі, мақсаты бар. Телехикая өмірде болған оқиғаға негізделген. Яғни көрермен өзін де көре алады, өзінің тағдырын сериалдағы кейіпкерлермен салыстыра алады. Қазір «Қыз жолы» әлеуметтік желілерде көп талқыланып жатыр. Әр сериясын күтіп отыратын көрерменнің барын білгенде, қуанып қаламыз. Кез келген әйелге тән жұмсақтық, нәзіктік, сыпайылық қасиеттер болады ғой. Менің кейіпкерім Майрамен осындай ұқсастықтарым бар. Мен соны жеткізуге тырыстым. Майра – 3 баланың анасы. Өзім тұрмыс құрмасам да, әпкелеріме қарап, отбасылы әйелдердің күнделікті күйбең тірлігін бойыма сіңірдім десем де болады. Сондықтан маған Майра образын сомдау қиынға соқпады.

-Телехикаядан кейін өмірлік көзқарастарыңыз өзгерді ме?

Баян Қажнәбиева (Гүлшат, «Қыз жолы»)

-Әр кейіпкерді ойнаған сайын көзқарас өзгере бермейді ғой. Сондықтан менде түбегейлі өзгеріс болды деп айта алмаймын. Өйткені әрқайсымыз – жеке тұлғамыз. Өзіміздің мақсат-мүддеміз, өмірлік ұстанымдарымыз бар. Бірақ телехикаяның өмірлік сабақ болар тұстары көп болғандықтан, ойға түйгендеріміз де жоқ емес.

Бану Манкеева (Майра, «Қыз жолы») 

-Менің балаға деген аналық махаббатым оянды. Ана ретінде балаға қандай тәрбие берген дұрыс, 13 жастағы қызбен қалай сөйлескен абзал? Міне, осы сауалдарға жауабымды таптым. Кейіпкерім Майрадан үйренгенім көп. Егер оның қасиеттерін отбасылық өмірімде кәдеге жаратып жатсам, бақытты жан боларым анық.

Айнұр Бабаева (Ақерке, «Қыз жолы»)

-Мен әке-шешемнің жалғыз қызымын. Сериалдың арқасында енді екі әпкелі болдым. Бұрын да көпбалалы отбасыларға қарап, қатты қызығатынмын. «Қыз жолында» бұл арманым орындалды. Бауырмалдыққа үйрендім, әпкелерімнің қамқорлығын сезіндім. Енді өзім де көпбалалы аналардың қатарын толықтырамын деген үміттемін.

-Режиссер Асқар Бисембинмен жұмыс істеген ұнады ма? Қандай әсер қалдырды?

Бану Манкеева (Майра, «Қыз жолы»)

-Асқар Бисембин – өте керемет кісі. Түсірілім алаңында үнемі көтеріңкі көңіл-күймен жүреді. Телехикая біткен соң «28 ілмек» атты үйірмеге барып, мерзімінен ерте туылған балаларға арнап тоқылған киімдер тігіп, қолғабыс еттік. Бұл да режиссерымыздың идеясы еді. Мүмкін осылайша кейіпкерімізге қажетті мінез табуға әсер еткісі келген болар.

Айнұр Бабаева (Ақерке, «Қыз жолы») 

-Асқар Бисембин – сұрынысқа ие танымал режиссерлардың бірі. Нью-Йоркте кино саласы бойынша 2 жыл білім алған. Ресейдің «Папины дочки» сериалына сценарий жазған. Жан-жақты, талантты кісі. Асқармен тағдыр жолықтырып, сериалға түсу бақытына ие болғанымызға қуаныштымыз. Әлі де жаңа жобаларда бірге жұмыс істейміз деген үміттеміз.

Баян Қажнәбиева (Гүлшат, «Қыз жолы») 

-Асқардың біреуге дауыс көтеріп, үстемдік таныту деген қасиеттері жоқ. Өте мәдениетті, өз ісінің кәсіби маманы. Актерға не қажет екенін ұғындырып,  мақсат қоя алады. Әп-сәтте бір-бірімізбен түсінісіп кеттік.

-Бұл сериал несімен ерекше?

Айнұр Бабаева (Ақерке)

-Телехикаяның сценарийі қызықты жазылған. Тіпті монтажына дейін тартымды етіп жасалған. Тағы бір айта кетерлігі, «Қыз жолы» телехикаясы 100 пайыз қазақ тілінде түсірілді. Осынысымен де қазақ тілді аудиторияның көңілінен шығып, жоғары рейтингке ие болуда.

-Түсірілім кезінде орын алған қандай қызықты оқиғалар естеріңізде қалды?

Бану Манкеева, актриса (Майра, «Қыз жолы»)

-Телехикаяны түсіру барысында режиссерымыз науқастанып қалды. Жедел жәрдем шақырып, әбігерге түстік те қалдық. Оның үстіне бір бөлмеде 20 адам түсірілімге қатысатындықтан, аядай ғана бөлме іші тым ыстық, ауасы тар болды. Бұл ешкімге де оңай соқпады. Бірақ бір-біріміздің қуанышымызды бөлісіп, жағымды жаңалықтармен қуантқанда, мұның бәрі ұмытылып кетті. Барлығымыз бір үйдің баласындай еңбек еттік.

-Әңгімелеріңізге рахмет!

 

{gallery}/Gallery/kyzzholy/{/gallery}